Ақтөбеде содырлар сойқан салған әскери бөлімнің қызметкерлеріне қатысты сот отырысы өтіп жатыр

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбеде содырлар сойқан салған әскери бөлімнің қызметкерлеріне қатысты сот басталды. Лаңкестік оқиға болған күні кезекшілік атқарған қос майорға «ереже сақтамады», «радикалдарға қарсы әрекет етпеді» деген айып тағылып отыр, деп жазады КТК. Әйтсе де, айыпталушылардың бірі Қайнарбек Тастанбеков мұнымен келіспейді. Ал оның көмекшісі Қайырғали Оразжанов кінәсін мойындапты.

Сот отырысына шақыртылған куәгерлердің барлығы дерлік - лаңкестік оқиға болған күні бөлімде болған жауынгерлер. Оларды процеске саппен жеткізді. Алғаш болып сөз алған прокурордың айтуынша, әскери бөлімде кезекшілікке жауапты қос майор содырлар шабуыл жасағанда өз бастарын ойлап тұра қашқан. Олар ең алдымен дәретханаға тығылыпты.

«Тастанбеков 5 маусым күні, қарулы топ 6655 әскери бөліміне шабуыл жасаған кезде өз өмірін ғана ойлап, қызметтік жарғы ережелерін бұзған. Ол бөлімшелердің кезекшілеріне есіктерді жабу туралы бұйрық бермей, дәретхана терезесі арқылы көмекшісімен қаша жөнелген», - дейді  мемлекеттік айыптаушы Төреғали Бәкіров.

Сол күні кезекшілер отырған штабқа бас сауғалап кірген 3 жауынгер де содырлар оларға бет алғанда дәретханаға тығылғандарын жасырмайды. Тіпті атыс аяқталғанша дейін отырған. Бірақ майор Тастанбеков пен Оразжановтың қолдарына тапанша ұстаған күйі қайда кеткендерін білмей қалыпты.

Ал әскери бөлімнің кезекшісі Қайнарбек Тастанбеков өз кінәсін мойындамайды. Ол керсінше жауынгерлерді жасырып, құзырлы органдарға дабыл қағумен болғанын айтады.

«Дәретхана терезесінен секіруімнің себебі бар.Секіріп шығып дабыл беруім керек болды.  Байланыс торабына құстай ұштым.  Бір қолымда пистолет, бір қолымда ұялы телефон болды», - дейді  айыпталушы Қайнарбек Тастанбеков.

Ал Тастанбековтің көмекшісі майор Қайырғали Оразжанов жарғыны ойлауға мұршасы болмаған. Ол кінәсін мойындап отыр. Дегенмен, әлі он шақты жауынгер лаңкестік оқиғаға байланысты куәлік етулері керек. Оның қаншаға созылатыны әзірге белгісіз. Айта кетейік, 5 маусым күні экстремистердің қолынан сол әскери бөлімде майор Даниел Майлыбаев пен офицер Берік Қалиев, қатардағы жауынгер Досбол Сапар қаза тапқан болатын.

Соңғы жаңалықтар