Ақтөбеде шенеуніктердің салғырттығынан мектептер жылуға артық ақша төледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде табиғи монополияларды реттеу департаменті құжатқа салғырт қарап, тарифті көтеруге рұқсат берген. Нәтижесінде барлық мектеп пен балабақша, әкімдік, құқық қорғау органдары жылуға артық ақша төлеген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қалалық сотында облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Гүлнұр Масина мен оның орынбасары Нұрлан Болатбаевқа қатысты сот отырысы басталды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, екі шенеунікке Қылмыстық кодекстің «Салғырттық» бабы бойынша айып тағылды.

Іс материалына сүйенсек, «Ақтөбе жылу электр орталығы» АҚ тарифті бекіту үшін 2017-2022 жылдарға арналған инвестициялық бағдарлама әзірлеген. Құжат тапсыру кезінде инвестициялық бағдарламаны іске асыру үшін банктен несие алынатыны көрсетілген. Сол кезде облыстық табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті тарифті бекітуге келісім береді. Бірақ прокурорлар тексеруінен кейін «Ақтөбе жылу электр орталығы» АҚ банктен несие алмағаны, тарифті бекіту кезінде жүктелген міндеттер орындалмағаны анықталды. «Ақтөбе жылу электр орталығы» АҚ тариф көтерген кезде жылу таратушы «Трансэнерго» АҚ-ның да қызметі қымбаттады.

«Жылу таратушы «Трансэнерго» АҚ 2017 жылдың 22 желтоқсанында тарифті бекітеді. Жаңа тариф бойынша бюджеттік мекемелер үшін 1 Гкал жылу 8623,96 теңгеден 13 325, 35 теңгеге өсіп кетті. 2018 жылдың 1 қаңтары мен 2018 жылдың 31 желтоқсаны аралығында бюджеттік мекемелер жылу тарату компаниясына 428 миллион теңгеден астам артық ақша төлеген», - деді прокурор Елубек Таласов.

Айыптау қорытындысынан соң департамент басшысы Гүлнұр Масина мен оның орынбасары Нұрлан Болатбаев өзіне тағылған айыппен келіскен жоқ. Қазіргі уақытта сот отырысы жалғасып жатыр.

Соңғы жаңалықтар