Ақтөбеде шеберлер өз өнімдерін көпшілікке ұсынды

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде орталық саябаққа киіз үй тігіліп, шеберлер жәрмеңкесі өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент атындағы орталық саябаққа бірнеше киіз үй тігіліп, жергілікті шеберлер өз өнімдерін сатуға шығарды.

Олардың арасында қыз жасауын дайындағандар мен қазақы үлгіде киім тіккендер болды.

Әшекей соққан шеберлер күміс бұйымдарын ұсынды.

Сонымен бірге тарихи-өлкетану музейі арнайы көрме ұйымдастырды.

«Музейдің қорында сақталған этнографиялық бұйымдар, оның ішінде ұлттық киімдер, киіз үй жтһаздары, атап айтсақ, ағаш жастық, сандық, кебеже көрмеге қойылды. Ат әбзелдері ішінен ер тоқым, қамшы әкелінді. Қару-жарақ түрдері де бар»,- деді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі Бекнар Есіркепов.

1947 жылдан бастап музейдің этнография қорына жәдігерлер түсе бастаған.

«Ағаш жастық жалпы Қазақстанның батыс аймағына тән жиһаз түрі. Өзге өңірлерде көп қолданылмады. Күндіз көрпе, жастық жинаулы тұрады. Кешкілік құрып, үстіне жастық салып, адам биік жатады. Көрмеге түлкі терісінен тігілген ішік, түйе жүнінен тоқылған шекпен де әкелінді»,- деді Бекнар Есіркепов.

Музей қызметкерлері ақтөбеліктерге ұлттық киім түрлері мен оның тарихын айтып берді.

Келушілер тарихи жәдігерлермен танысып, фотоға түсті.


Соңғы жаңалықтар