Ақтөбеде шалғай ауылда бораннан соң жол ашылмай қалды

Фото: None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы Ырғыз ауданы Қарасай ауылында қатынас тоқтады. Мұнда бораннан соң жол қардан тазартылмай қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құмтоғай ауылдық округіне қарасты Қарасай ауылында 30-40 түтін бар. Мұндағы тұрғындар көктем туа аралда қалғандай болады. Сондықтан наурыз айында мол азық жинап, жазға дейін байланыссыз отырады.

«Өзім осы ауылда туып-өстім. Балаларым өзге жерде болғанымен, өзім ауылдамын. Зейнеткермін. Биыл қыста мүлде жол ашылмады. Ат шанамен, трактормен орталық жолға жетіп қаламыз, сосын көлік күтеміз. Ауру-сырқауы бар адамдар алдын ала ауданға жіберіледі»,- деді ауыл тұрғыны Нағиша Ідірісова. Оның айтуынша, дәл осы шақта өздері танитын кәсіпкер арнайы келіп, ауылға азық-түлік сатады. Ауыл адамдары бар қажетін сатып алып, жазға дейін отырады.

Құмтоғай ауылдық округінің әкімі Нүркен Жұбаназаровтың айтуынша, бұл ауылдың жолы 26-наурыз күні ашылуы тиіс болған. Бірақ трактор бұзылып қалды.

«Трактор бүгін жөнделсе, ертең жолды ашады. Қатынас мүлде жоқ деп айта алмаймын. Тракторлар, Уаз көліктері қатынап жатыр. Мал азығы аз күнге жетеді. Қыс ұзарып кетіп, жылқы да әлі далаға шығарылмады»,- деді Нүркен Жұбаназаров.

Оның мәліметіне сүйенсек, мемлекеттік сатып алу байқауына 2 мердігер түскен. Бірінің құжаты дұрыс болмай, тендер өтпей қалды.

«Ырғыз ауданында кәсіпкермен келісім жүрді. К700 автокөлігімен жолды қардан тазалайды. Мемлекеттік сатып алу бір көзден жүргізіледі. Қазір бюджеттен қанша қаржы қарастырылғанын айта алмаймын. Оған аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы жауапты. Ашыған сайын қайта басып қалып тұр жолды»,- деді ауыл әкімі.

Айта кетейік, мұндағы мектеп 1985 жылы қамыстан салынған. Мектеп электр тогымен жылытылады. Барлығы 34 бала білім алып жүр.

Мектеп 9 жылдық болып тұр. Тұрғындары болса білім ордасы жабылады деп қорқып отыр. Дәрігерлік амбулаториясы мектепке жапсарлас орналасқан. Ауылда ұялы байланыс жоқ.

«Ауылда халық саны аз. Сондықтан әлеуметтік нысандар салу жобасы қарастырылмаған. Ұялы байланыс та адам саны аз болған соң тартылмай отыр»,- дейді Нүркен Жұбаназаров.


Соңғы жаңалықтар