Ақтөбеде шалғай ауыл тұрғындары үшін электронды қызмет қолжетімді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Мобильдік ХҚО облыстың барлық ауданын қамтып, ауыл тұрғындарына 19 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Ақтөбе облысының филиалы 9 айынды қорытындылады. Қазіргі кезде Ақтөбеде 18 фронт-кеңсе, мамандандырылған ХҚО, көші-қон қызметтері және цифрлық қызметтер орталығы жұмыс істейді. Сондай-ақ халықты зейнетақы және жәрдемақы төлемдерімен қамтамасыз ету бойынша филиалда 2 қалалық, 12 аудандық бөлім қызмет етеді. Мемлекеттік корпорацияның Ақтөбе облыстық филиалы директорының орынбасары Ізбасар Орынбасаровтың айтуынша «Азаматтарға арналған үкімет» реестріндегі 723 мемлекеттік қызметтің 89% көрсетеді. Облыстың шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін қызметтер мобильдік ХҚО арқылы көрсетіледі.

«Жыл басынан бері мобильдік халыққа қызмет көрсету орталығы облыстың барлық ауданын қамтып, ауыл тұрғындарына 19 мыңнан астам мемлекеттік қызмет көрсетті. Негізі соңғы 7 айда 972 017 қызмет көрсетілді. Ал тағы 202 мыңнан астам қызметті азаматтар өз бетінше алған. Сондай-ақ, аймақ тұрғындары 324 587 электрондық цифрлық қолтаңба рәсімдеген», - деді Ізбасар Орынбасаров.

Айта кетейік, қалалық және аудандық бөлімдерде «Connection Point» өз-өзінп қызмет көрсету секторы ұйымдастырылған.

«Қазақстанда 1 қарашадан бастап мекенжай анықтамасы талап етілмейді және мемлекеттік қызметтер реестрінен алынып тасталатын болады. Яғни, ешбір мемлекеттік орган, мектеп немесе медициналық мекеме 1 қарашадан бастап азаматтардан мекенжай анықтамасын сұрата алмайды. Оны «Азаматтарға арналған үкіметтің» филиалдарынан да, электронды үкімет порталынан да алу мүмкіндігі болмайды. Қажет болған жағдайда қазақстандықтар тіркеуде тұрған мекенжайларын egov.kz электронды үкімет порталы мен eGov mobile қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тексере алады. Мемлекеттік органдарға келетін болсақ, олар бұл мәліметті ішкі істер министрлігінің деректер базасымен интеграцияланған ақпараттық жүйелері арқылы алатын болады«, -деді Ізбасар Орынбасаров.

Әлеуметтік төлемдердің барлық түрлері бойынша 2019 жылдың 9 айында 95,4 млрд теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 87,9 млрд мемлекеттік сақтандыру қорынан 6,9 млрд теңге бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан 0,6 млрд тенге төленді.

Соңғы жаңалықтар