Ақтөбеде шағын және орта бизнеске 9 млрд теңгеге жуық қаржы бөлінді

Фото:
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде шағын және орта бизнес субъектілерін мемлекеттік қолдау аясында 8,6 млрд теңге бөлінді. Қазіргі кезде 3 млрд теңге сомасына 306 жоба субсидияланды, ал кепілдендіру көлемі 4 млрд теңгеден асты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров Ақтөбеде жергілікті кәсіпкерлермен кездесті. Кездесуге қатысушылар шағын және орта бизнесті дамыту, оның ішінде моно және шағын қалалар мен ауылдағы кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасының негізгі бағыттарын талқылады. Атап айтқанда, заманауи форматтағы сауда объектілерінің құрылысын субсидиялау, тарифтік жүктемені азайту, ШОБ субъектілерінің салық міндеттемелері және мемлекеттік бағдарламаларға қатысу шарттары туралы сөз қозғалды. Өз кезегінде министр барлық сұрақ пен ұсыныс бойынша министрліктің ұстанымын айтып, әрбір мәселені жеке шешу керегін айтты.

Сондай-ақ ол Үкіметтің шағын және орта бизнесті, оның ішінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында қолдау бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын еске салды. Мәселен биыл Ақтөбеде шағын және орта бизнес субъектілеріне мемлекеттік қолдау көрсету үшін 8,6 млрд теңге бөлінді. Қазіргі кезде 3 млрд теңге сомасына 306 жоба субсидияланды, ал кепілдендіру көлемі 4 млрд теңгеден асты.
Сондай-ақ министр азаматтарды жеке қабылдады. Кездесуге келген ақтөбеліктердің көбісі бизнесмендер болды. Олар өздерін толғандырған мәселелерін көтерді. Соның ішінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік саласындағы еңбекақы төлеу қоры бөлігінде мемлекеттік міндеттілікті ұлғайту, аргоөнеркёсіп кешені саласында кредиттерді өтеу бойынша қосымша шығыстарды жабу, жабдықтарды әкелуге импорттық баждарды азайту және «Қарапайым заттар экономикасы» аясында несие беру мәселелерін қарастыруды сұрады.
Ұлттық экономика министрі азаматтардың барлық өтінішін бақылауға алды.
Жұмыс сапары барысында Ә.Қуантыров «Даму» Қорының өңірлік филиалының жұмыс барысымен танысты. Министрге Ақтөбе облысындағы мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылу қорытындылары туралы баяндалды. Биыл өңірде 443 млрд теңге сомасына 8 мыңнан астам жобаға қолдау көрсетілді. Аймақтық қаржыландыру бағдарламасы аясында 121 қарыз алушы көмек алды. Сонымен қатар Ұлттық экономика министрі Ақтөбе облысы бойынша Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті жұмысымен танысты. Жиында департамент қызметінің негізгі бағыттары талқыланды. Ә.Қуантыров тариф қалыптастыру мәселелерін тұрақты бақылауда ұстауды және халықпен кері байланысты күшейтуді тапсырды.


Соңғы жаңалықтар