Ақтөбеде саябақ жұмысшылары жалақыларын ала алмай жүр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық демалыс саябағының 40-қа жуық жұмысшысы үш айдан бері жалақысыз отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жұмысшылар әлеуметтік желі арқылы маусым айынан бері жалақыларын ала алмай жүргендерін жазды. Саябақ директоры Әділбек Исламов бұл ақпаратты растады.

«Жұмысшылар ағаштарды күтіп ұстау, суару, тазалық, күзет жұмыстарын жүргізді. Олардың және менің де маусым айынан бері жалақы ала алмай жүргеніміз рас. Маусым, шілде айларының жалақысы келісім бойынша осы аптаның басында берілуі тиіс еді. Бірақ әлі ақша жоқ. Бүгін қалалық әкімдікте тағы жиын өтті. Тұңғыш Президент атындағы саябақта 38 адам еңбек етеді. Бас мердігер - «Ақжол LTD» компаниясы, қосалқы мердігер - біздің саябақ. Қазір екі айдың қарызы 4 миллион теңге жетті», - деді Әділбек Исламов.

Ал басты тапсырыс беруші Ақтөбе қалалық әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі қызмет көрсетушілерге мамыр мен маусым айларының ақысын шілдеде аударған.

«Көктем айларының соңында әкімдік тарапынан қаржы аудару кешіктірілді. Бірақ қазір мамыр және маусым айының қаржысы толық аударылғанын айта аламыз. Ал бас мердігердің не себептен жұмысшыларына жалақы бермей отырғаны белгісіз. Жуырда мемлекеттік мекемеден шілде айының қаржысы да аударылуы тиіс», - деді қала әкімінің баспасөз жетекшісі Қамбар Мұқашев.

Айта кетейік, бас мердігер «Ақжол LTD» компанияның инженері Айбек Ержановтың айтуынша, қазір салық төлейтін шот уақытша бұғатталған.

«Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық мекемесі мамыр айынан бастап ақша аударуды кешіктірді. Мамыр, маусым айының ақшасы шілде айының орта тұсында түсті. Қазір бізге шілде айын аударуы тиіс. Таяу күндері шот қайта жұмыс істеп, біз қаржы аударамыз. Нақты күнін айта алмаймыз», - деді Айбек Ержанов.




Соңғы жаңалықтар