Ақтөбеде сармат дәуірінің қорымынан алтын жалатылған семсер табылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – «Ақтөбе облысының киелі жерлер географиясы» жобасы аясында қазба жұмыстары жүргізіліп жатыр. Археологтар ерте темір дәуірі, яғни, сарматтар өмір сүрген кезеңге тән қорымды зерттеп, бірнеше құнды жәрігер тапты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин тарих ғылымдарының докторы, Шығыс елдері сәулеті халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Серік Әжіғали, тарих ғылымдарының кандидаты, Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры міндетін атқарушы Талғат Мамыровпен кездесті. Кездесу барысында Ақтөбе облысында «Қазақстанның киелі жерлері» жобасы аясында жүзеге асырылып жатқан ғылыми-зерттеу жобалар талқыланды. Ғалымдар облыс әкіміне Мұғалжар ауданы аумағындағы Жағабұлақ қорымынан табылған құрбан шалатын орын мен алтын жалатылған көрнекті семсерді көрсетті.

«Қорымның өзі ерте темір дәуіріне, яғни, б.д.д. VI-V ғасырларға жататын ірі кешен. Мұнда сондай-ақ, қола айна, алтын тоға және т.б. ежелгі заттар табылды. Археологиялық ескерткішті зерттеу жұмыстары әлі де жалғасып жатыр. Биыл үш альбом кітап шығарылады. «Ақтөбе облысының киелі жерлер географиясы» атты кітап үш тілде жарық көреді», - деді Ә.Х.Марғұлан атындағы археология институтының бас директоры міндетін атқарушы Талғат Мамыров.

Сонымен бірге, Қарғалы ауданында қола дәуірінің қоныс-мекендері табылды. Сол аумақтан металл пеш табылған. Бұл қазіргі Ақтөбе облысының аумағын қола дәуірінде мекендеген тайпалардың металл өндірісімен айналысқанын дәлелдейді.

«Ақтөбе облысының киелі жерлер географиясы» жобасы аясында қазба жұмыстары жүргізілді. Өңірде ел тарихы үшін маңызды оқиғалар болғанын білеміз. Сол себепті зерттеу маңызды. Тарихи, архитектуралық, этнографиялық құнды ескерткіштер тек еліміздің батыс өңіріне емес, ел үшін маңызды. Абат Байтақ, Балғасын күмбезі, Доңызтау. Мұның бәрі зерттеліп, тарихи маңызы айтылды. Көп еңбек жарыққа шықты. Монография да бар. Жұмысты жалғастырып, көпжылдық зерттеудің қорытындысын жасап жатырмыз. Ендігі міндет - Доңызтау ауылын зерттеудің үшжылдық жұмысын аяқтау. Еліміздің ең қашық ауданы деп айтар едім. Сонымен бірге Исатай Тайманұлы мен Едіге батырдың жерленген жерін анықтау мақсатында зерттеу жүргізіледі», - деді тарих ғылымдарының докторы, Шығыс елдері сәулеті халықаралық академиясының корреспондент-мүшесі Серік Әжіғали.

Кездесуді түйіндеген облыс әкімі Оңдасын Оразалин жүргізіліп жатқан ғылыми-зерттеу жұмыстарының маңыздылығын атап өтіп, жергілікті атқарушы органдардың өңірдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеуге, сақтауға және дәріптеуге жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратындарын айтты.


Соңғы жаңалықтар