Ақтөбеде сапалы жол үлесі 72 %– әкім есебі

Фото: None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірдегі жол сапасы мен жөндеу жұмыстары туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ақтөбе облысының үлкен көлік торабы және көлік хабы ретінде дамуға әлеуеті зор. Бұл ретте, тұрғындар, кәсіпкерлер мен өндіріс мекемелері тарапынан өңірдегі автожол сапасына наразылықтары бар. Айта кету керек, басқа өңірлермен салыстырғанда Ақтөбеде қанағаттанарлық жол үлесі о баста өте төмен болды – 2011 жылдары, осыдан 10 жыл бұрын 43% немесе республикадағы 16-орында болды. Аталған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, әлеуметтік-саяси тұрғыдан да үлкен проблемаға айналып келе жатқанын түсініп, осы жағдайды түзету үшін тиісті шараларды жасап келеміз», - деді О. Оразалин Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Әкімнің айтуынша, 2011-2018 жылдары жолдарды жөндеуге 36 млрд теңгеге жуық қаражат жұмсалып, жергілікті жолдардың жақсы жағдайдағы үлесі тағы 11% артқан.

«Соңғы 3 жылда шамамен дәл осындай көлемде қаражат бөліп, (36,7 млрд теңге) жақсы жағдайдағы жолдар үлесін 14% ұлғайта алдық. Біріншіден Үкіметтің қолдауымен республикалық бюджеттен қаржы берілді, оған қоса дәл сондай көлемде паритеттік негізде жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді. Ал үстіміздегі жылы барлық кезеңмен салыстырғандағы ең ауқымды қаржы – 34 млрд теңге қарастырылды. Оның ішінде 20,6 млрд теңгеге жуығы жергілікті жолдарды жөндеуге, ал 14 млрд теңгесі – көшелерді жөндеуге жұмсалады», - деді өңір әкімі.

Жалпы биыл 600 шақырымнан астам жолдарды жөндеу жоспарланған. Нәтижесінде жай-күйі қанағаттанарлық жергілікті жол үлесі биыл 66,7%-тен 72%-ке дейін жақсартылады.

«Бірақ бастапқы жағдайымыз өте төмен болғандықтан, 72 пайызға жетсек те республика бойынша әлі де ең соңғы қатарда болатынымыз анық. Сондықтан бұл жұмысты қарқынды тұрде жалғастырамыз», - деді Оңдасын Оразалин.


Соңғы жаңалықтар