Ақтөбеде репрессия құрбаны күйші Қамбар Медетовке арналған кеш өтті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрін құрушылардың бірі Қамбар Медетовтың 120 жылдығына арналған «Күйші Қамбар» атты еске алу кеші өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Бүгін облыстық халық шығармашылығы орталығы және Күйшілер одағы көрнекті күйші, Құрманғазы атындағы халық аспаптар оркестрін құрушылардың бірі Қамбар Медетовтың 120 жылдығына арналған «Күйші Қамбар» атты еске алу кешін өткізді. Еске алу кешіне белгілі күйшілер, Қ.Медетов атындағы Мәртөк аудандық өнер мектебінің өкілдері, жастар қатысты.

«Кезінде репрессияға ұшырап, есімдері мен еңбектері ұзақ жылдар бойы аталмай келген өнер қайраткерлері аз емес. Солардың бірі — белгілі күйші, Әбілқайыр ханның жетінші ұрпағы, ұлы композитор Дәулеткерей, ғажайып әнші Мұхит секілді музыка тарихында аты алтын әріппен жазылған өнерлі әулеттен шыққан Қамбар Медетов. Ол XX ғасырдың 30-жылдарындағы саяси репрессияның құрбаны болып, Қиыр Шығысқа айдалғаннан, қайтып оралмаған. Күйші Қамбар Медетов «Ақсақ құлан», «Боғда», «Жошыхан», «Шалқыма», «Қарасай», «Қостайбек», «Ел айрылған», «Қара жорға», «Алтынай» ​ тағы да басқа көптеген күйді ерекше тартқан. Солардың ішінде ерекше көңілінен шығып, жадында сақталғаны – атақты «Ақсақ құлан» күйі. Атақты А.Затаевичке халқымыздың бай ән-күй мұраларының бірқатар нұсқасын жаздырып, қалдырған өнер иесінің еске алу кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, қазанғаптанушы Жайлау Асылханов, «Күйшілер одағы» облыстық филиалының төрағасы, күйші, Ғ.Жұбанова атындағы облыстық филармониясының А.Жұбанов атындағы қазақ ұлт аспаптар оркестрінің бас концертмейстері әрі ұстаз Талап Хамзин қатысты», - деді облыстық халық шығармашылығы орталығы директорының орынбасары Гүлнар Сейталина.

Айта кетейік, шара аясында 9 күйші Күйшілер одағына мүше болды. Оларға Одақтың куәлігі табысталды.

Соңғы жаңалықтар