Ақтөбеде пышақ жарақатынан мерт болған түлектің анасы баласы туралы айтты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Пышақ жарақатынан қаза болған мектеп түлегі Азат Дүсіповтің анасы Эльвира Дүсіпова баласының армандары мен соңғы сөзін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Маусым айында қолына аттестат алып, ҰБТ-ға дайындалып жүрген Азат Дүсіпов үйінің маңында пышақ жарақатынан көз жұмды. Бұған дейін хабарлағанымыздай, күдікті кәмелет жасқа толмаған Б.  ұсталып, Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр.

Ал қаза болған Азат Дүсіповтің анасы баласының армандары мен соңғы тілегін айтып берді.

«Ұлым Азат Алматыдағы жоғары оқу орнына түсіп, теміржолшы болуды армандады. Ақылды бала еді. Сол күні не болғанын әлі жете білмеймін. Балам мен үшін өмірінде бірінші рет ораза ұстап, «мама, сен үшін, сауығып кетуің үшін ұстаймын» деп мемлекеттік емтихандарға қарамай ауыз бекітті»,- анасы деді Эльвира Дүсіпова.

Қазіргі кезде марқұм Азаттың анасы да айықпас дертке шалдығып, ем қабылдап жүр. Марқұм Азат Дүсіпов сол күні Орталық стадионда болған футболды тамашалайды. Кеш батқан кезде ата-анасы баласына телефон шалғанымен, ешкім тұтқаны көтермеген. Үшінші рет телефон шалғанда белгісіз біреу «Азат қан-қан болып жатыр» деп хабар берді.

«Жүгіріп барған кезде балам жедел жәрдем көлігінің ішінде жатыр екен. «Мама, үйге қайта бер, бәрі жақсы болады» деп айтты. Түнде ауруханада маған үйге баруымды өтінді. Ал дәрігер сол кезде ұлымның жағдайы өте нашар екенін ескертті. Таңғы сағат 5:30-да дәрігер телефон шалып, ауруханаға келуімізді сұрады. Балам аман қалмады, пышақ жүрекке тиген екен»,- деді Эльвира Дүсіпова.

Ал күдікке іліккен Б. қазір уақытша тергеу изоляторында отыр. Ол да биыл физика-математика бағытындағы дарынды балалар мектеп-интернатын «Алтын белгімен» бітірді. Ұстаздары күдіктіге алғыр, қамқор деп мінездеме беріп отыр.

«Бала физика, математикаға өте бейім. Облыстық, республикалық олимпиадаларға қатысып, жүлдегер атанып жүр. Алтын белгі иелері 15 маусым күні аттестатын алды. ҰБТ дайындалып, 127-135 балл жинап жүрген бала еді. Өте кішіпейіл бала болды»,- деді мектеп директоры Қарагөз Тілеубергенова.

Айта кетейік, Азат Дүсіповтің отбасы қазіргі кезде тергеу жұмыстарының жүріп жатқанын, қандай да бір талап қоймайтындарын жеткізді. 

Соңғы жаңалықтар