Ақтөбеде полиция пышақ ала жүгірген жүргізушіге қарсы қару қолданды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтөбеде полиция қызметкері пышақ ала жүгірген жүргізушіні тоқтату үшін қару қолданды. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Алмас Садубаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде тараған видео материалда бір машинаны полиция көлігінің қуып келе жатқандығы, бір мезетте тапанша дауысының естілгендігі бейнеленген. Сондай-ақ видеоны түсіріп отырған адамдар күдіктінің гранат сияқты күдікті затты лақтырғанын да айтады.

Осы видеоға қатысты түсініктеме берген Алмас Садубаев видео материалда Ақтөбе облыстық ІІД полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғасын жасап, бой тасаламақ болған жүргізушіні ұстау сәті бейнеленгенін айтты.

«Құқық бұзушы полиция талабын орындамай, оларға пышақ ала жүгіріп қарсылық танытты және өтіп бара жатқан адамдарға қауіп төндірді. Полиция қызметкерлері табельдік қару пайдаланып, ауаға ескерту оғын атты. Нәтижесінде бұзақы қолға түсті. Азаматтық тұлғалар да, полиция қызметкерлері де зардап шеккен жоқ», - деді ол.

Ресми өкілдің дерегіне қарағанда, ұсталған азаматты медициналық тексеруден өткізу барысында оның есірткіге елітіп алғаны белгілі болған.

Соңғы жаңалықтар