Ақтөбеде полиция қызметкеріне бағалы тондар мен алтын бұйымдарды ұрлады деген айып тағылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - №2 Ақтөбе қалалық сотында Сазды полиция бөлімінің қызметкері Алтынбек Қалауовқа қатысты сот отырысы басталды. Кәмелетке толмағандардың ісі жөніндегі инспектор Қылмыстық кодекстің «Ұрлық» бабы бойынша айыпталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пәтер тонау дерегі өткен жылдың 3 қарашасы күні тіркелген. Сол күні жәбірленуші Дана Есенбекова пәтеріне келген кезде есіктің ашық тұрғанын көріп, полиция қызметкерлерін шақырады. Анасы Зибагүл Есенбекова бұл кезде жұмыс бабымен Астана қаласында болған. Қызымен телефон арқылы сөйлескен ол бүгін сот отырысында жауап берді.

«Полиция қызметкерлері пәтерде қолды болған заттарды тізімге алып, оқиғаны тіркеді. Кейін мен Сазды полиция бөліміне барып, істің қалай жүріп жатқанын білдім. Бір күні Орталық базарға ет пен балық сатып алу үшін барып, базар ішіндегі алтын бұйымдар сататын дүңгіршектен өзіме тиесілі білезік пен сырғаны көрдім. Дереу полицияға хабар беріп, алтын бұйымдарды қызымның кластасы Ғалия Әлпейісованың тапсырғаны анықталды. Бұл көрініс бейнебақылауға түсіп қалған», - деді жәбірленушінің анасы Зибагүл Есенбекова.

Жәбірленуші Дана Есенбекова мен куәгер Ғалия Әлпейісова бір сыныпта оқыған. Сыныптастар кездесуінде барған кезде айыпталушы Алтынбек Қалауов сүйіктісі Ғ.Әлпейісоваға азық-түлік апарып, кейін кеш аяқталған соң үйіне жеткізіп тастаған. Сол күні жәбірленуші Д.Есенбекова пәтер кілтін жоғалтып алды. Болжам бойынша, сол кеште кілт ұрланған.

«Мен алтын бұйымдар тақпаймын. Мұны маған Алтынбек сыйға берді. Қажет болмаған соң базарға апарып саттым», - деді куәгер Ғ.Әлпейісова.

Сот отырысы кезінде айыпталушы А.Қалауов өз кінәсін мүлде мойындаған жоқ. Іс материалдарына сүйенсек, айыпталушының пәтерін тінту кезінде үйіндегі күртеше ішінен алтын бұйымдар табылды. Ал тондар мен фотоаппарат, сағат әзірге еш жерде жоқ.

Айта кетейік, пәтерде құны 3 миллион теңгенің тондары мен гауһар тасты алтын әшекейлер, фотоаппарат, ақша мен таза алтыннан құйылған естелік манеталар сақталған. Жалпы шығын көлемі 6 миллион теңгеге жетеді. 

Соңғы жаңалықтар