Ақтөбеде полицей «Зенаның» ісі сотта қаралуда

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде көпшілікке «Зена» лақап атымен танымал жол-патрульдік полиция қызметкері Жаннат Ахетова танысын құтқару үшін жалған хаттама жасатқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық Ішкі істер департаментінің Әкімшілік полиция басқармасында жол-патрульдік полиция қызметкері болып жұмыс істейтін Жаннат Ахетова Қылмыстық кодекстің «Лауазымдық өкілеттіліктерді теріс пайдалану» бабы бойынша айыпталып жатыр. Оқиға 2016 жылдың қыркүйек айында болған. Сол күні әріптесі Мирас Ибадуллаев Ақтөбе қаласы Әбілқайыр хан даңғылы бойында жол ережесін бұзған көлікті тоқтатады. Көлік жүргізушісі Әбдраманова әкімшілік жауапкершіліктен құрылып кету үшін танысы Жаннат Ахетоваға телефон шалып, көмек сұраған. Ж.Ахетова оқиға орнына 15-20 минут ішінде жетіп, әріптесі, жол-патрульдік полиция қызметкері М.Ибадуллаевтан әкімшілік хаттаманы алады. Кейін баспаханаға барып, жаңасын жасатып алып, ескіні өзінде сақтаған.

«Әбдраманова телефон шалып, айыппұл төлей алмайтынын айтып, жылады. Көмектесуді ұйғардым. Тағылған айыпты толық мойындаймын. Мен 14 жыл бойы құқық қорғау саласында еңбек етіп жүрмін. Мұндай жағдай бірінші рет тіркелді. Мен бәріне өте мұқият қарайтын едім»,- деді Жаннат Ахетова. «Зена» лақап атымен танымал Жаннат Ахетова ақтөбелік көлік жүргізушілерге жақсы таныс. Ол жол ережесін бұзған жүргізушілерді заң аясында жазалап, айыппұл салатын.

Соттағы алдын-ала тыңдау кезінде жол-патрульдік полиция қызметкері М.Ибадуллаев өз кінәсін толық мойындап, өкінді.

«Менің бұл ісім дұрыс емес, өзге әріптестерім қателігімді қайталамаса екен. Кәнімді толық мойындаймын»,- деді М.Ибадуллаев. Ол да Қылмыстық кодекстің «Лауазымдық өкілеттіліктерді теріс пайдалану»,  «Жалған құжаттарды, мөртабандарды, мөрлердi, бланкілерді, мемлекеттiк пошта төлемі белгілерін, мемлекеттiк наградаларды қолдан жасау, дайындау немесе өткiзу» баптары бойынша сот алында жауап береді.

Айыпталушылар істі қысқартылған тәртіппен өткізуді сұрады. Екеуінің кінәсі толық дәлелденсе, полиция қызметкерлерінің мүлкі тәркіленіп, өмір бойы құқық қорғау саласында жұмыс істей алмайды. Тіпті, 4 жылға дейін бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалуы мүмкін.

Соңғы жаңалықтар