Ақтөбеде пәтер иелері кооперативі тоқтап тұрған лифтті ауыстыруға жарна жинай бастады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы тоқтап тұрғын лифттерді ауыстыру үшін тұрғындармен кездесу өткізді. Пәтер иелері кооперативі жарна жинауды бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласындағы қайғылы оқиғадан кейін лифттер түгел тексеріліп, 22 лифт апатты жағдайда тоқтатылған болатын.

Бүгін Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы 13 көпқабатты тұрғын үйдің тұрғындарымен кездесіп, лифт ауыстырудың тәртібін түсіндірді.

«Тұрғындардың жалпы жиналысында лифт қондырғысын жаңғырту жөнінде шешім қабылданып, хаттама толтырылды. «Табыс Ақтөбе» ЖШС-нің қызметкерлері 13 үйдің тұрғындарымен қайта кездесу өткізіп, ережені толық түсіндірді. Яғни, тұрғын үй қорын күтіп ұстау ережесіне сәйкес, лифтті жаңғырту пәтер иелерінің міндеті. Жарна жинау, арнайы есепшот ашу, жобалық-сметалық құжаттар дайындау толық атқарылған соң жөндеу жұмыстарының шығыны бюджет есебінен қарастырылады. Ақтөбе қаласындағы 12 шағын ауданда орналасқан №41 көпқабатты тұрғын үйдің ауласында лифтті ауыстыру жөнінде жиналыс өтті. Жиналыс қорытындысы бойынша пәтер иелері жарна жинау жұмыстарын бастап кетті»,- деп хабарлады Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Айта кетейік, негізі Ақтөбеде 776 лифт бар. Тексеру кезінде 25 жылдан бері жұмыс істеп тұрған лифттер тізімге алынды. Барлығы 139 көпқабатты тұрғын үйдегі 282 лифт тексерілді. Көп заңсыздық анықталды. Мәселен, тексерілген лифтінің тек 18-де ғана жүруге жарамдылығын растайтын техникалық құжаты бар. Ал 113 лифтінің техникалық төлқұжаты болмай шықты. Қазіргі кезде 56 лифтінің иесі жоқ, оны қарауды ешкім өз міндетіне алмаған. Барлығы 149 лифтіні жөндеу қажет болып тұр. Бір лифт жөндеуге де келмейді. Ал 22 лифт апатты жағдайда тоқтатылды.

Соңғы жаңалықтар