Ақтөбеде пара алған мемлекеттік қызметші 5 жылға сотталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қалалық сотында Қылмыстық кодекстің «Пара алу» бабы бойынша айып тағылған Берікқали Мерейге қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгін №2 Ақтөбе қалалық сотына мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкерлері түгел шақырылды. Себебі бұған дейін Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі басшысының міндетін атқарушы Берікқали Мерей 1,7 миллион теңге пара алу үстінде ұсталып, сот алдында жауап берді.

Айыптау қорытындысын оқыған Жәнібек Төребековтің айтуынша, 2016-2018 жылдар аралығында облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің қызметкері бірнеше рет «МаксГазКомпани» ЖШС басшылығынан сұйытылған газды заңсыз тасымалдау дерегі бойынша жауап алған. 2018 жылдың маусым айында Мемлекеттік кірістер департаментінің экономикалық тергеу қызметі басшысының міндетін атқарушы Б.Мерей істі уақыты өтіп кетуіне байланысты жабуға болатынын, ол үшін арнайы сыйақы қажет екенін айтады. 2018 жылдың 11 шілде күні сағат 17:00-де Б.Мерей газ компаниясының өкіліне телефон шалады. Ал 17:30-да Б.Мерей 1,7 миллион теңге пара алу үстінде ұсталды.

Сотта айыпталушы Б.Мерей: «Менің соңғы сөзім жоқ, ештеңе айтпаймын», - деді. Судья Теміржан Алданов сотталушының соңғы сөзінен соң үкім шығарды.

«Берікқали Мерей Қылмыстық кодекстің 366-бабы бойынша айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айырылсын. Жазасын қылмыстық атқару жүйесінің қауіпсіздігі төмен мекемесінде өтесін», - деді судья Т.Алданов.

Сонымен қатар, сотталушы өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды.

Сот үкімі күшіне енген жоқ.

Соңғы жаңалықтар