Ақтөбеде пандусы жоқ мекемелер айыппұл төлеп жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде пандусы жоқ, пандустың биіктігі мен ені талапқа сай келмейтін 17 мекемеге өткен жылы айыппұл салынды.    

Ал қаладағы «Шағала» бассейні болса, ескертуді негізсіз деп, айыппұл салған мемлекеттік мекемені сотқа берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Бүгін Ақтөбе қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, сәулет және қала құрылысы басқармалары, қоғамдық ұйым өкілдері әлеуметтік нысандарға рейд жүргізді. Мақсат - пандустарды тексеру, мүгедектерге қызмет көрсету сапасын бақылау. Жылдар өткенімен, білім, денсаулық сақтау, спорт басқармаларына қарасты мекемелер пандус салуға асықпайды. Мәселен, өткен жылы 17 мекеме басшысының әрқайсысына 50 айлық есептік көрсеткіш, яғни, 106 мың теңгеден астам айыппұл салынды. Ескерту алған Орталық стадион мен «Шағала» бассейнінің басшысы әлі де болса ғимарат ескі деп сылтауратып, мүгедектердің алдынан шығатын кедергілерді алып тастауға асығар емес. Сонымен қатар, бассейн басшылығы облыстық еңбек және әлеуметтік қорғау, көші-қон комитетінің облыстық департаментін сотқа берді.

null 

«Қалада барлығы 143 нысан мүгедектер үшін бейімделуі тиіс. Қазіргі күні оның 51-і өзгертіліп, арбаға таңылған жандарға кедергісіз кіру мүмкіндігі берілді. Биыл тағы 45 нысанға пандус салынып, мүгедектердің ғимарат ішінде еркін жүруі үшін арнайы сызбалар ілінеді. Қазір екінші деңгейлі банк ғимараттарына да талап күшті. Олар кез келген клиентке қызмет көрсетуі тиіс. Бірақ, бұл заңды орындауға ешкім асықпайды»,- дейді қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі басшысының орынбасары Мейіржан Қарақов.

Ал биыл Қарғалы ауылынлағы «Медикус» медициналық орталығының ғимараты тексерілді. Пандус бар, бірақ, тым биік. Сонымен қатар, әжетханасы мүгедектерге бейімделмеген. Тексеру нәтижесінен соң оларға ескерту берілді. Қателіктер 6 айда жойылуы тиіс. Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы алдағы күндері Хромтау мен Қобда аудандарындағы әлеуметтік нысандарды тексереді.
Айта кетейік, мүгедектер үшін пандус салып, мәселе шешілді деп арқаны кеңге салуға болмайды. Ғимарат ішіндегі қол жуатын орын, әжетхана да ыңғайлы, қолжетімді болуы тиіс. Көзі көрмейтіндер үшін арнайы лента тартылғаны жөн.

 

Соңғы жаңалықтар