Ақтөбеде өзін басынан атқан әскери қызметкер аман-есен ауруханадан шықты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2030 әскери бөлімінде ақпан айында төтенше жағдай тіркелген болатын. 32 жастағы әскери қызметкер өзін басынан атып, ауруханаға түсті. Дәрігерлер бірнеше отадан соң науқастың аман-есен ауруханадан шыққанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Әскери қызметкер аман-есен есін жинап, ауруханадан шығарылды. Өте ауыр оталар жасалды. Тамақ астынан тиген оқ бас сүйегінен шыққан. Мұрын, ауыз қуыстарына қатты зақым келді. Таңдайы жоқ. Оған жасанды таңдай салу керек. Отаны біз жасай алмаймыз. Ондай ота бізде жасалған жоқ, жасалмайды», - деді облыстық жедел жәрдем ауруханасының бас дәрігері Рақымжан Арыстан. Оның айтуынша, насқау ауруханадан шығарылған соң Астанадағы әскери госпитальге оңалту үшін жіберілген.

«Әскери қызметкер сөйлейді, айтылып жатқан сөзді түсінеді. Тамақ ішеді, есін біледі. Ақыл-есі дұрыс. Өзгесі біздің құзыретімізде емес», - деді Р. Арыстан.

Еске салсақ, 8 ақпан күні Ақтөбедегі Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің 2030 әскери бөлімінің қызметкері өзін басынан атып, ауруханаға түскен болатын. Дәрігерлер бірнеше ота жасап, науқас ұзақ уақыт ем қабылдады.  Бұған дейін хабарлағанымыздай , әскери қызметкер ату жаттығуларына жоспарлы дайындық кезінде өзіне оқ атқан. 

Соңғы жаңалықтар