Ақтөбеде өзен арнасын кеңейту кезінде Қызыл кітапқа енген ағаштар рұқсатсыз кесілген

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде геолог, зейнеттегі экологтар өзен арналарын тазартуға арналған жобалық-сметалық құжаттармен танысып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеге Экология, геология және табиғатты қорғау министрі Мағзұм Мырзағалиев келіп, өзен арнасын тазарту, кеңейту жұмыстарын тоқтатып қойған болатын.Қазір арнайы құрылған комиссия құжаттарды қарап, тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Өзен жағалап жүрген комиссияның қай уақытта қорытынды шығарары белгісіз. Алайды геолог, зейнеттегі экологтарды жергілікті әкімдік кездесуге шақырып, жобалық-сметалық құжаттар қолдарына ұстатты. Қазіргі уақытта белсенділер Ефим Книжник, Петр Котик, Александр Мандрыкин өз ұсыныстарын айтты.

«Қарғалы, Елек өзендерін тазарту жұмыстарына арналған құжаттарды танысуға берді. Басты міндет - өзендерді тазарту, тереңдету, жағалауын бекіту. Су өткізу қабілетін арттыруға арналған жұмыста арнаны кеңейту, жағалаудағы жасыл желекті кесуді ғана көріп отырмыз. Мердігер мекемелер өзенді тереңдету кезінде земснарядты емес, тек экскаваторды ғана қолданған. Бір дерек бар. Жасыл жетектен тазарту аумағы 860 гектарды құрап отыр. Учаске ұзындығы - 44 шақырым. Демек өзеннің жан-жағын 190 метрге дейін тазартамыз екен», - деді геолог Ефим Книжник.

Ақтөбелік белсенділер өзен арналарын тазарту жұмыстарына қарсы емес. Алайда оны табиғатқа зиян келтірмей, ағаштарды кеспей атқаруды ұсынып отыр. Алдағы уақытта жобаға өзгертулер мен толықтырулар енгізу қиынға соғайын деп тұр.

«Жобаға өзгертулер енгізуге болады. Ол үшін алдымен жұмыс тобын құру керек. Бір айта кетерлік жайт, жұмыс тобына кіргенде заңды тұлға бәрін өз жауапкершілігіне алады. Яғни, техникалық шешім қабылдау кезінде заңды тұлға бәрін өз міндетіне алады. Біздің компания өз жобасын ұсынды, ол біздің жауапкершілігіміз. Ал өзгертуге заңды тұлға жауап береді», - деді «Антарес Платинум» ЖШС филиалының, жобаның жетекшісі Дмитрий Петроков.

Айта кетейік, мердігерлер өзен арнасын кеңейту жұмыстары кезінде Қызыл кітапқа енген, су жағасында ғана өсетін ағаштарды рұқсатсыз кесіп тастаған.

«Қарғалы өзенінің арнасын тазарту кезінде 5,5 га жердегі ағашты кесу жобалық-сметалық құжатқа енгізілген. Қазіргі кезде 1,75 га кесіліп кетті. Үйеңкі, терек, көктерек және Қызыл кітапқа енген қандыағаш бар. Комиссия ағашты санады. Жобалаушылар Орман шаруашылығы комитетінен ағашты кесуге рұқсат алуы керек еді. Бірақ олар бұл талапты орындамай, кесіп кеткен. Орман шаруашылығы сотқа арыз түсірді. Халық наразылығынан соң прокурорлар шұғыл шешім қабылдап, қылмыстық іс қозғалды», - деді Орман шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғабит Қылышбаев.

Экологтар да бұған дейін айыппұл салды. Жобалық-сметалық құжатты сараптау, рұқсат беру құзырына кірмесе де шағым бойынша тексеру жүргізген.

«Облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы ұйымдастырған қоғамдық қабылдауға тұрғындар баруы керек еді. Эколог ретінде ағаштарды кесу жұмысына жаным ашып, жылағандай болып жүрмін. Белсенділер мұны тоқтатуды сұрап отыр. Бұған дейін мердігерлер ағаш егетінін айтты. Енді кесілген ағаштардың орнын толтыру үшін қай жерге, қай уақытта көшет егу қажет екенін заңдастыру керек», - деді облыстық экология департаментінің басшысы Жақсығали Иманқұлов.

Соңғы жаңалықтар