Ақтөбеде Өзбекстан азаматы 147 рет жол ережесін бұзды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - «Мираж-Ураган» модернизацияланған жүйесі арқылы Өзбекстан азаматының 146 рет жылдамдықты асырып, бір рет бағдаршамға бағынбағаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері ҚР жол қозғалысы ережесін қасақана бұзған адамды анықтады.

«Мираж-Ураган» модернизацияланған жүйесінің көмегімен Өзбекстан Республикасының азаматы ұсталған. Ол жыл басынан бері 147 рет ереже бұзды.

« ВАЗ-21099 автокөлігінің жүргізушісі 146 рет жылдамдықты асырып, бір рет бағдаршамның тыйым салатын сигналынан өтіп кеткен. Айыппұлдың жалпы сомасы 3 млн 390 мың теңгені құрады. Полиция материал жинап, шешім қабылдау үшін істі әкімшілік сотқа жіберді», - деді облыстық ПД баспасөз қызметінің жетекшісі Ерболат Сарқұлов.

Жыл басынан бері «Мираж-Ураган» модернизацияланған жүйесінің көмегімен бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылған 46 жүргізуші мен 113 мемлекеттік борышкер анықталып, 21 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.


Соңғы жаңалықтар