Ақтөбеде Ойыл өзеніндегі заңсыз салынған бөгеттер бұзылып жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде Ойыл өзені бойындағы бөгеттер бұзылып жатыр. Олар заңсыз салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша республикалық меншікте 12 су қоймасы бар. Сонымен бірге 140 коммуналдық, жекедегі 122 нысан тізімге алынған.

Коммуналдық меншіктегі плантиналар мал және шағын бау-бақшаны суаруға арналған.

Ал жекенің қолындағы тоғандар суармалы шаруашылыққа пайдаланылады.

Бұдан бөлек өзен жағаларында бірнеше бөгеттің заңсыз салынған, бақылауға алынбағаны Ойыл өзенінің мәселесі көтерілгенде белгілі болды.

«Ойыл өзенінің мәселесі бойынша бірнеше маман келіп, қарап кетті. Тексеру кезінде 24 бөгет анықталды. Біреуі коммуналдық меншікте. Ал тоғызы иесіз. Биыл сол бөгеттерді бұзу жұмысы басталды», - деді Темір ауданы әкімінің орынбасары Азамат Жанболат.

Кейбір бөгеттерді су бұзып кеткен. Сондықтан бұл жерлерге техника күші қажет етпей тұр.

«Қазсушар» мекемесінің техникасымен Ойыл өзеніндегі екі бөгет бұзылды. Қазір үшінші бөгетті бұзу жұмысы жүргізіліп жатыр. Негізі бір нысандағы жұмыс 2-3 күнге созылады. Біз жұмыстың техникасын көрсеттік, өзгесін жауаптылар атқарады», - деді «Қазсушар» РМК облыстық филиалының директоры Әділжан Әлізақ.

Жалпы Ойыл өзенінің ұзындығы 800 шақырымды құрайды.

Бастауын Мұғалжар тауынан алады. Мұнда жылына 120 миллион текше метрден астам су жиналса, былтыр тек 13 миллион текше метр су келді.

Мәселені Атырау облысының тұрғындары қозғап, кейін Үкіметте қаралды.


Соңғы жаңалықтар