Ақтөбеде Ойыл өзені тасып, ауыл тұрғындары эвакуацияланып жатыр

None
Видеодан алынған кадр
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде Ойыл өзені тасып, Қаратал ауылына су кірді. Қазір тұрғындар эвакуацияланып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қаратал ауылында бұған дейін тасқынға қарсы жұмыстар жүргізілді. Адамдар ауыл маңындағы бөгетті бекітіп, күзетшілікке тұрды. Алайда бүгін түстен кейін су бөгетті бұзып өтті.

«Оқиға орнына облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен облыстық ТЖД бастығы М.Аманбаев барды. Қазіргі кезде жергілікті атқарушы орган өкілдері тұрғындарды эвакуациялап жатыр. Олар Қаратал ауылындағы мектепке орналастырылды. Сонымен бірге бөгеттің бұзылған бөлігін бекіту жұмысы жүріп жатыр. Қала мен жақын маңдағы аудандардан төтенше джағдайлар қызметкерлері жұмылдырылды», - деді облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары, облыс әкімінің баспасөз қызметі Ержан Байтанаев.


Айта кетейік, бұған дейін Ақтөбеде Қобда ауылында 50-ден астам үй суға кетіп, жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Төтенше жағдайлар министрлігі Ойыл ауданының Екпетал және Қаратал ауылдарынан 105 тұрғын алдын ала эвакуацияланғанын хабарлады.

Сонымен бірге Қобдада үш ауылда жарық жоқ. Алдын ала болжам бойынша бағана құлаған. Олар Байтақ, Қосөткел, Қазақай ауылдары.
Соңғы жаңалықтар