Ақтөбеде өткен жарыста қазақстандық теннисшілер абсолютті жеңімпаз атанды

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – Ақтөбе қаласында 18 жасқа дейінгілер арасында бесінші санаттағы ITF Juniors жарысында қазақстандықтар Виталий Зацепин мен Ділназ Машабаева абсолютті чемпион атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қарағанды теннис мектебінің түлегі В. Зацепин жекелей сында финалда ресейлік Дмитрий Бурцевті 6:2, 6:1 есебімен ойсырата ұтты.

Жұптық сында Виталий алматылық Кирилл Колгановпен бірге соңғы бәсекеде елордалықтар Давид Джавадов - Илья Ведмедьті 6:2, 6:2 есебімен ұтты.

Бұл – В. Зацепиннің ITF Juniors турнирлеріндегі 10-ыншы титулы (үшеуі жекелей, жетеуі жұптық сында). К. Колганов жұптық сында екінші рет чемпион атанды.

Қыздар арасында Д. Машабаева шешуші кездесуде ресейлік Дарья Кузнецованы 6:4, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Алматы теннис мектебінің түлегі жұптық сында тартысты өткен финалда командалас әріптесі Сати Әубәкіровамен бірге ресейлік Ксения Еременко - қазақстандық Әсем Шойбектен айласын асырды – 6:1, 6:7, 12:10.

Бұл – Ділназдың осындай додалардағы төртінші титулы (үшеуі жұптық, біреуі жекелей сында) болса, Сати тырнақалды табысына қол жеткізді.


Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан теннисшілерінің жаңа маусымға Дубайда дайындалатынын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар