Ақтөбеде өткен шығарма жазу байқауында үндістандық студент жүлде алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде Президенттің «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын насихаттауға арналған байқау қорытындыланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі қала әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Байқауға жоғары оқу орындары мен арнаулы орта оқу орындарының студенттері қатысты.

«Әлем үшін білім кеңістігінің жаһандануы маңызды үдеріс. Мен өз жұмысыма Қазақстан Президенті Жолдауының білімге бағытталған тұсын арқау еттім. Шығармамды жазып шығу үшін интернет материалдарын көп оқыдым. Жолдаудың мазмұнын менің ғылыми жетекшім түсіндірді. Жүлделі орын алатыныма үмітті болғаным рас. Мен қазір өзім білім алып жүрген қазақ еліне шексіз разымын», — деді М.Оспанов атындағы БҚМУ студенті Джай Кумар Гархвал.

Ол университеттің жалпы медицина факультетінің үшінші курсында оқиды. Байқауда екінші орын алды.

Барлығы 34 шығарма жазылды. Басым бөлігі колледж студенттерінің туындысы. І орынды С.Бәйішев атындағы Ақтөбе университетінің студенті Жұлдыз Ақылжанова, ІІ орынды М.Оспанов атындағы БҚМУ студенті Джай Кумар Гархвал, ІІІ орынды Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің студенті Виктория Мохиборода алды.

Ал колледж студенттері арасында І орынға Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжінің студенті Аружан Шүкірова, ІІ орынға Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар және басқару колледжінің студенті Евгений Третьяк, ІІІ орынға Ақтөбе байланыс және электротехника колледжінің студенті Мейрамбек Сейілхан лайық деп танылды.

Барлық жүлдегерлер қала әкімінің алғыс хатымен және планшет, фотоаппарат сияқты бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Соңғы жаңалықтар