Ақтөбеде өртенген автобус: Аман қалғандарға көмек көрсетіліп жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жолаушылар автобусындағы өрттен аман қалған адамдарға аудандық аурухана дәрігерлері көмек көрсетіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбедегі Ырғыз ауданының маңында жолаушылар автобусы өртеніп кетіп, алдын ала мәлімет бойынша 52 адам мерт болды. Бұл туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Аталған төтенше оқиғадан 5 адам аман қалып, оларға медициналық, психологиялық көмек көрсетіліп жатыр. 

«Оқиға Ырғыз ауданының орталығынан 120-130 шақырым қашықтықта болды. Қалыбай ауылында медициналық құтқару бекеті жұмыс істеп жатыр. Ал аудандық ауруханадан арнайы топ жіберілді. Құрамында 6 маман бар. Оның ішінде реаниматолог, анестезиолог бар. Барлық көмек оқиға орнында жасалып жатыр. Аудандық ауруханаға күйік шалғандар жеткізілген жоқ», - деді Ырғыз аудандық ауруханасының бас дәрігері Жасқайрат Сүлейменов.

Айта кетейік, осы оқиғаға байланысты Ақтөбе облыстық төтенше жағдайлар департаменті жедел желіні іске қосты. Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Серік Төленбергенов те оқиға орнына барады. ТЖД баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайы жедел штабтың жұмысынан соң анықталатынын жеткізді.

Соңғы жаңалықтар