Ақтөбеде өрт оқиғаларының саны көбейді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде өрттің шығу дерегі артты. Бұл туралы облыстық төтенше жағдайлар департаментінің басқарма бастығы Евгений Овчарский айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде тұрғын үй және көлік өрті жиі тіркелді. Көбіне адамдар отты пайдалану ережесіне сақтамайды. Шылым шегу де жиі өртке әкеп соғады.

«Өрттің 54 дерегі шылым шегуден, 48 дерегі ашық от құралдарын жарықтандыру үшін қолдану нәтижесінде болды. Жазғы маусымда дала алқаптарының жануы өзекті күйінде қалып отыр. Жыл басынан бері ауданы 360 га жерде 29 өрт болды. Бүгінгі күні 13 бірлескен мобильді топ құрылды. Олардың құрамына төтенше жағдайлар департаменті, жергілікті полиция қызметі, орман шаруашылығы мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кіреді. Топтар далалық және орман алқаптарына 26 рейд жүргізді», - деді басқарма бастығы Е.Овчарский.

Сонымен қатар, өрттің алдын алу мақсатында ауылшаруашылығы құрылымдарының, шаруа қожалықтары басшыларымен, тұрғындармен өрт қауіпсіздігі тақырыбына жиын өткізіліп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Ерікті өрт сөндірушілердің қатысуымен оқу-жаттығу өтті.  

«Биыл өрт санының көбейгені байқалады. Жыл басынан бері 275 өрт болып, 56 адам қаза тапты, 15 адам әртүрлі жарақат алды. Осыған байланысты облыс тұрғындарынан тұрмыста және көлікте өрт қауіпсіздігі шараларын сақтауды, ашық от пен жалынды пайдалану кезінде және дала мен орман алқаптарына барған кезде өрт қауіпсіздігі ережелерін бұзуға жол бермеуді сұраймыз», - деді Евгений Овчарский Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Соңғы жаңалықтар