Ақтөбеде онкологиялық дертке шалдыққан науқастарды оңалту бөлімі ашылады

None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде 8 мыңнан астам адам онкологиялық ауруға шалдығып, есепте тұр. Бұған дейін науқастарды оңалту орталығы болмай, бәрін айықпас дертке шалдыққандардың бөлімі қарады. Енді олар үшін арнайы бөлім ашылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов бұл жолы өңірдегі барлық медициналық мекеме басшыларының қатысуымен жиын өткізді. Қазіргі кезде облыста 482 медицина мекемесі болса, оның ішінде 16 жекеменшік аурухана мен 119 амбулаториялық-емханалық мекеме бар. Облыс әкімі өңірдегі барлық жекеменшік емдеу мекемелерінің қызметін тексеру қажет деп санайды.

«Комиссия құрып, әр мекемеге объективті баға берулеріңізді сұраймын. Жекеменшік ауруханалар мен емханалар, мемлекеттік мекемелер науқастардың денсаулығына толық жауап беруі керек», - деді Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ облыс әкімі онкологиялық науқастарды оңалту мәселесін тезірек шешу қажеттігін баса айтты.

Қазіргі таңда онкологиялық оңалту шараларын жүргізетін арнайы бөлімше жоқ. Оның қызметін әзірге паллиативтік бөлімше атқарып отыр. Ал қатерлі ісік диагнозы қойылған 8,2 мыңнан астам адам есепте тұр.

«Неліктен біз адамдарды жоғалтып жатырмыз? Шын мәнінде, химиотерапиядан кейін иммундық жүйе әлсірейді. Емдеуден және операциядан кейін екі-үш айдың ішінде оңалту керек», - деді Ералы Тоғжанов.

Денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды жаңғырту өзекті мәселе болып қала бермек. Биыл облыста 5 жаңа денсаулық сақтау нысаны пайдалануға беріледі. Тағы 57 медициналық мекеменің ғимараты жөндеуді қажет етіп тұр.

Аймақ басшысы бұл мәселені шешуге барынша көмек көрсетуге уәде берді. Сондай-ақ скринингтік тексерулердің тиімділігін арттырып, жылжымалы медициналық кешендердің және телемедицина қызметтерінің бейінін кеңейтіп, ауыл тұрғындарына медициналық көмек қолжетімді болуы тиіс. Саладағы кадр тапшылығын азайту және олардың біліктілігін арттыру мәселесі күн тәртібінде болады.


Соңғы жаңалықтар