Ақтөбеде онкологиялық дертке шалдыққан балаларды емдейтін орталық салынып жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жыл сайын 30-35 баладан онкологиялық дерт анықталып жатыр. Оларды Алматы мен Астанада емес, Ақтөбеде емдеу үшін онкогематология орталығы салынып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе агломирациясы аясында медициналық орталық құрылып жатыр. Қазір бірнеше бағыт бойынша емдеу мекемесінің құрылысы басталып, қажетті маман алдын ала оқытылуда. Биыл Ақтөбеде Оңтүстік Кореядағы Сеул ұлттық университетімен бірге кешенді диагностика орталығының құрылысы басталады. Жергілікті дәрігерлер кореялық әріптестерімен бірге бес жыл бойы жұмыс істеп, тәжірибе жинайды. Орталық тек онкологиялық ауруды емес, барлық дертті ерте анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, облыста онкогематология орталығы салынады.

«Қазіргі кезде онкологиялық дертті анықтау, емдеу ісі бойынша ересектерге көмек көрсетіледі. Ал балаларды Алматы, Астана қаласына жібереміз. Биыл орталық құрылысы басталады. Германия компаниясымен келіссөз жүріп жатыр. Құрылысты биыл бастап, келер жылы іске қосамыз. Жылына облыстағы 30-35 баладан онкогематология анықталып жатыр. Батыс өңірі бойынша 140 бала ауруға шалдығады екен. Зерттеулер нәтиесінен соң құрылыс жұмыстарымен бірге маман дайындау қолға алынды. Сәуірде Мәскеудегі онкогематологиялық орталыққа екі адамды жібереміз. Жыл соңына дейін тағы төрт дәрігер білімін жетілдіреді», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Ақтөбеде ядролық медициналық орталықтың да құрылысы аяқталып, іске қосылады. Онда позитронды-эмиссионды томография және гаммалық камера болады. Позитронды-эмиссионды томография іске қосылса, онкологиялық патологияларды ерте анықтауға, дертті жасушалық деңгейде білуге мүмкіндік турады. Әрі емнің тиімділігін де бағалай алады.

Айта кетейік, Ақтөбе қаласында балалар стоматологиялық емханасы ашылып, аудандарда тағы 10 медициналық мекемесінің құрылысы басталады.

Соңғы жаңалықтар