Ақтөбеде оқушылар замандастарын емтиханға тегін дайындап жүр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі NIS оқушылары аз қамтылған және көпбалалы отбасы балаларына көмектесіп жүр. Олар математика, қазақ, орыс және ағылшын тілдерінен онлайн дәріс береді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мектеп оқушылары Аружан Бишекенова мен Әсия Тайжанова «Қоғамға қызмет ету» әлеуметтік жобасы аясында замандастарына дәріс беруді бастады. Қазіргі уақытта олар Ақтөбе және аудандарда тұратын көпбалалы, толық емес немесе аз қамтылған отбасылардан шыққан 40 баланы қашықтан емтиханға дайындап жүр.

«Білгеніңмен бөлісуді дұрыс деп есептеймін. Біз осы арқылы өзімізден жасы кіші, білімге құштар оқушыларды ынталандырамыз. Дәріске қатысқан балалар үздік мектептерді таңдап, қатарымыздан табыла алады. Бір байқағаным, тіл үйренуде кедергі аз. Бәрі жеңіл меңгереді. Көбінесе математика және логика есебінен қиналады. Сол кезде біз оларға тақырыпты қайта түсіндіріп, кері байланыс орнатамыз», - деді Аружан Бишекенова.

Әр сенбі сайын бірнеше топқа бөлінген оқушылар математика, қазақ, орыс және ағылшын тілдерін оқиды.

«Оқу курсының өз әдістемесі бар. Алдымен математика және логика тәрізді сабақтар өткізілсе, кейін қазақ тілі, орыс және ағылшын тіліне кезек береміз. Оқушылар бір топқа жиналып, талқылайды, сұрақтың дұрыс жауабын айтқан кезде пікір алмасады»,- деді Әсия Тайжанова. Зияткерлік мектебінің оқушылары мұғалім болудың да қыр-сырын меңгеріп жүр. Олар үй тапсырмасын беріп, кейін оқушылар орындаған жұмысты тексереді

Сонымен бірге «KomekTez», «Hand to hand» жобалары арқылы мүмкіндігі шектеулі балалар математика және ағылшын тілі пәнінен білімін жетілдіреді. Зияткерлік мектебінде «Kemel Duties» және «Ozat English Club» жобалары да бар.


Соңғы жаңалықтар