Ақтөбеде оқушылар неліктен жеке мектепке ауыстырылып жатыр

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің «Батыс-2» ықшам ауданында екі мектеп лық толып, бастауыш сынып оқушылары жеке мектепке ауыстырылып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. 

Ақтөбе қаласында ата-аналар балаларын жеке мектепке жіберуден бас тартып, «Батыс-2» ықшам ауданындағы мемлекеттік мектептерде қалдыруға бекініп отыр. Бірақ облыстық білім басқармасы үш ауысымды мектеп мәселесін шешудің жалғыз жолы - мемлекеттік тапсырыс беру деп есептейді. Биыл бұл мақсатқа бюджеттен 100 миллион теңгеден астам ақша бөлінді. 

«Жыл басында балаларды қаржыландыру мәселесі қарастырылды. Бұған дейін «Сымбат» жеке мектебінен интернат салынып, ауылдағы талантты, үздік оқушыларды облыс орталығына қабылдау қарастырылған. Қазір 7-сыныптан бастап балалар білім алып жүр. Өткен жылы «Батыс-2» ауданынан №63 және №64 орта мектеп ашылды. Бірі - таза қазақ тілінде, екіншісі - аралас. №63 орта мектеп 300 орындық, мұнда 908 бала білім алып жүр. Ал №64 орта мектеп 600 оқушыға арналғанымен, қазір 1400 оқушы бар. Сондықтан, жергілікті әкімдік балаларға талапқа сай білім беру үшін «Сымбат» жеке мектебіне орналастыру жөнінде шешім қабылдады»,- дейді облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева. 

Жергілікті қаржы есебінен әр балаға ай сайын 20 мың теңге беріледі. №63 және №64 орта мектептен ауысқан оқушылар жаңа мектепке өз мұғалімдерімен бірге барады. 

«Ата-аналар қорықпасын. Бұл мектеп заманауи үлгімен салынған, барлық мүмкіндік бар. Шешім бойынша №63 орта мектептен - 300, №64 орта мектептен - 400-ден астам бала ауыстырылады. Алдағы уақытта «Сымбат» мектебі гимназия болады. Мәжбүрлей алмаймыз, бірақ талап осы»,- деді Ләззат Оразбаева.

Соңғы жаңалықтар