Ақтөбеде оқушы екі қолынан айырылған соң трансформаторлар қоршауға алынатын болды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында трансформаторлар түгенделіп жатыр. Қазір қалада 379 трансформатор ашық-шашық тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Шалқар қаласында мектеп оқушысы трансформаторға кіріп, екі қолынан айырылды. Оқыс оқиғадан соң облыста трансформаторды түгендеу, иесін анықтау жұмысы жүріп жатыр.

«Ақтөбе облысы бойынша 1700 трансформатор бар. Ақтөбе қаласында 473 трансформатор болса, оның 92-сі қоршаулы тұр. Өзгесі қоршаусыз. Ал мектеп жанында 29 трансформатор бар. Бәрі қоршаулы, талапқа сай, қауіпсіздік белгісі орнатылды. Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығында мектеп, балабақша жанында тұрған 17 трасформаторға жауапты. Оның тек төртеуі қоршаулы екен», - деді «Энергосистема» ЖШС-нің бас директоры Марат Аманғалиев.

Ақтөбе қаласында қоршалмаған, тіпті, жеке адамның ауласында тұрған трасформаторлар да бар. Қазір арнайы мекеме оларды ауладан шығарып, қоршауға алып жатыр. Дегенмен бұл талапты орындауға мүмкіндік болмайтын жағдайлар кездеседі.

«Жолдың жиегіндегі трансформаторды қоршай алмаймыз. Оны қоршап қойсақ, жол жүрісіне кедергі болады. Бәрін бірдей бақылауда ұстай алмаймыз, кейде баспанасы жоқ адамдар жылынуға кіріп кетіп жатады. Ұрлық та өршіп тұр. Түрлі-түсті металл үшін сымды кесіп алып кетеді. Үлкен орталықтарда арнайы белгі беретін қондырғы бар. Ал шағын станцияларға кірсе, білмейміз. Тек жарық сөнгенде ұрлық болғаны анықталады. Барлық трансформаторды қоршау үшін 55 миллион теңге ақша керек», - деді Марат Аманғалиев.

Ақтөбе қалалық әкімдігі иесіз қалған трансформаторларды анықтап, тексереді. Арнайы топ жұмысын бастады.

«Бүгінгі күні облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша қала аумағында ашық тұрған трансформаторларды анықтау жұмысы жүріп жатыр. Ең алдымен мектеп, балабақшаға жақын тұрған трансформаторлар қоршалады. Қазіргі кезде тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі 13 трансформаторды анықтады. Бюджеттен қаржы бөлінсе, қоршалады. Жұмыс тобы саяжай аумағын да қарайды. Иесіз трансформаторлар анықталса, қаланың балансына алынуы мүмкін», - деді қала әкімі аппараты өндірістік сала бөлімінің жетекшісі Бекзат Тұрғалиев.

Соңғы жаңалықтар