Ақтөбеде оффлайн оқуға рұқсат: Ата-аналар мектепке балаларын жібермеуде

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде оқушы саны 300-ден аспайтын 244 мектептің оқушылары дәстүрлі форматта білім алып жатыр. Ал 161 оқу мекемесінде оқушылар аралас форматқа көшті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде кейбір оқушылар бір жыл бойы онлайн дәріс алып, бүгін алғаш рет партаға қайта отырды. Жалпы облыс бойынша оқушы саны 300-ден аспайтын 244 мектепте оқу дәтүрлі түрде басталды. Тағы 161 мектепте оқу аралас форматта жүреді. Ал Ақтөбе қаласындағы үш ауысымды 7 мектепте оқу онлайн жүргізіледі. Мұнда 9 және 11, 1-5 сынып оқушылары мектепке барып жүр.

«Бүгін бірінші ауысымда білім алатын оқушылардың 90 пайыздан астамы мектепке келді. Дегенмен баласы үшін алаңдап, мектепке жібергісі келмейтін ата-аналар да бар. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің қаулысы негізінде кездескен мәселеге тоқталғым келеді. Сыныпты екіге бөліп, онлайн немесе оффлайн өткізу қарастырылмаған. Оған мүмкіндік жоқ. Егер ата-аналар өзара келісіп, бір оқу үлгісін таңдаса, біз рұқсат етеміз. Мәселен, 25 оқушы қашықтан оқуды жөн көрсе, келісеміз. Білім басқармасы балалардың мектепке келуін құптайды. Санитариялық норма түгел сақталады. Балалар қосымша білім алып, 11 мамыр мен 19 маусым аралығында өткен тақырыптар қайта пысықталады», - деді облыстық Білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан.

Айта кетейік, қыркүйек айынан бері облыста 509 оқушы, 147 мұғалім коронавирус инфекциясын жұқтырған. Қазір барлығы 70 бала дәрігерлер бақылауында. Ал 7 бала стационарлық ем қабылдап жатыр. Олардың жағдайы жеңіл және орташа ауыр.


Соңғы жаңалықтар