Ақтөбеде облыстық өлкетанушылар одағы құрылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде облыстық өлкетанушылар Одағы құрылады. Жыл сайын өлкетанушылардың мақалалары арнайы жинақ болып шығарылады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе өлкетанушылары жазған мақаласын жинаққа енгізе алады. Бүгін облыстық музейдің директоры Мейрам Дүйсенов тарихи орындарды аралап, киелі жерлердің тізімін жасап, тарихи деректер жинақтап жүрген ақтөбелік өлкетанушыларға екі ұсынысын жеткізді.

«Ақтөбе облыстық өлкетанушылар одағын құру жоспары бар. Облыстық музей құрылысы аяқталған соң жаңа ғимаратта бас қосып, жұмыс барысын жоспарлауға мүмкіндік туып отыр. Сонымен қатар, жыл сайын мақалалар жинағын шығарамыз. Бұл зерттеу жұмыстарын кеңейтуге, тың деректерді сақтауға септігін тигізеді. Осы жұмысты жергілікті өлкетанушылар қолдаса, үлкен істі бастаймыз», - деді облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенов.

Сонымен қатар, бүгін С.Бәйішев атындағы Ақтөбе облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасында «Қазақстанның өңірлік қасиетті нысандары», «Қазақстанның жалпыұлттық қасиетті нысандары» кітаптарының тұсаукері өткізілді.  «Қасиетті Қазақстан» зерттеу орталығының бөлім меңгерушісі Айгүл Екімбаеваның айтуынша, қазіргі кезде ақтөбелік археологтар мен инспекторлар тарихи орындарды қорғау, сақтап қалу жұмысы бойынша елімізде алда келе жатқанын жеткізді.

«Археологтар зерттеу жүргізіп, қазба жұмыстарын жасайды. Кейде оларға қолда бар құнды жәдігер туралы жазып шығу қиын. Ал өлкетанушылар аңыз әңгімелер мен тарихи деректерге жүгініп жұмыс істей алады. Сондықтан тарихшылар, археологтар, өлкетанушылар мен кітапханашылар бірге жұмыс істеу керек. Сонда жұмыс нәтижелі болады. Әрі киелі орындарды насихаттау жұмысын жандандыра түсу керек»,- деді Айгүл Екімбаева.

Соңғы жаңалықтар