Ақтөбеде облыстық әкімдіктің аппарат басшысы және Хромтау ауданының әкімі тағайындалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында бірқатар тағайындау болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

ҚР Президенті әкімшілігі мен аудандық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өкімімен Хромтау ауданының әкімі болып Азамат Бекет тағайындалды.

Азамат Бекет Қазақ гуманитарлық заң университеті мен Экономика және құқық академиясының түлегі.

Еңбек жолын 2004 жылы Астана қаласындағы экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің инспекторы болып бастаған.

Әр жылдары Алматы, Астана қалаларының, Батыс Қазақстан, Алматы облыстарының экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменттерінде еңбек етіп, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарында туризм, дене шынықтыру және спорт басқармаларын, Атырау облысының Жылыой ауданын басқарды.

2020 жылдың қыркүйек айынан бері Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды.

Ал осы Хромтау ауданы әкімі қызметін атқарған Нағымжан Алдияров облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы болып тағайындалды.

Ол М.Тынышбаев атындағы қазақ мемлекеттік​ көлік және коммуникация академиясының түлегі.

Еңбек жолын 1997-1998 жылдары Ақтөбе қаласындағы «Аққайың» өндірістік кооперативінің бас есепшісі болып​ бастаған. Алға ауданы Маржанбұлақ ауылдық округінің әкімі болды, Ақтөбе қаласының тұрғын үй және коммуналдық​ шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары​ бөлімін басқарды. Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары, Алға ауданының әкімі лауазымдарын атқарды.

Сонымен бірге Ақтөбе облысы әкімінің аппарат басшысы болып Қайрат Райымқұлов тағайындалды. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің, қазақ гуманитарлық-заң университетінің түлегі.

Еңбек жолын 2010 жылы облыстық қаржы басқармасында жетекші маман болып бастаған. Әр түрлі жылдары Ақтөбе қаласы экономика және қаржы бөлімін, Ақтөбе қаласы әкімінің аппаратын басқарып, облыстық қаржы, экономика және бюджетті жоспарлау басқармаларының басшысы орынбасары болды, облыстық кәсіпкерлік басқармасында басшылық қызмет атқарды.

2020 жылы Президенттің жастар кадрлық резервіне кірді.

2020 жылдың сәуір айынан бастап осы уақытқа дейін Ақтөбе облысының қаржы басқармасын басқарып келді.


Соңғы жаңалықтар