Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасымен 273 пәтер берілді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі «Нұр Ақтөбе» ауылында 200-ден астам пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ақша жиған ақтөбеліктер таунхаустарға қоныстанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тұңғыш Президент күні Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатқан үйлердің алғашқысы қолданысқа берілді. «Нұр Ақтөбе» ауданында екі жылда 56 көпқабатты тұрғын үй салынуы тиіс болса, онда 2500 пәтер бар. Биыл бұл жоспардың тең жартысы іске асырылады.
null

«Бүгін 273 пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне ақша жинағандар арасында мұғалімдер мен дәрігерлер, қарапайым тұрғындар бар. Бұл ауданда құрылыс қарқыны бәсеңдемейді. Мұнда саябақ, 900 орынды мектеп пен балабақша құрылысы жүргізіледі. Қазір барлығы 11 құрылыс компаниясы тұрғын үй салып жатыр», - Ақтөбе қаласы әкімінің бірінші орынбасары Жандос Байырханов.

«Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатқан тұрғын үйдің әр шаршы метрі 120 мың теңге. Бұл еліміздегі төмен бағалардың бірі.

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қандай да бір қиындыққа, дағдарысқа қарамастан халықтың тұрмысын, әл-ауқатын арттыруға тапсырма берді. Қазақстан халқын тұрғын үймен қамтамасыз ету басты назарда тұр. Ақтөбеде өз жоспары бар. Биыл Ақтөбеде 700 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі. Өткен жылы бұл көрсеткіш 580 мың шаршы метр болған еді. «Нұр Ақтөбе» ықшам ауданы үлкен қалашық болады. Үйлер «Нұрлы жер» бағдарламасымен салынып жатыр. Қалашықта 4200 пәтер беріледі. Алдағы 5 жылда жаңа ауданда 100 мыңға жуық адам тұрады», - деді Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев.
null

Жаңа ауданда әлеуметтік нысандар салынып, қосымша қоғамдық көлік шығарылады. Жолдар жөнделіп, емханалар ашылады. Тіпті, өзен жағасы демалыс орнына айналады. Бейнекамера қондырылып, аулалардағы қауіпсіздік бақылауға алынады. Жаңа ауданға көшіп, қоныс тойын тойлаған жас отбасы өздерінің байқаудан өткенін естігенде қатты қуанды.
null

«Бұған дейін біз пәтер жалға алып, қосымша Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен есепшот ашқан болатынбыз. Құжаттарымызды жинап, жаңа ауданға көшуге жоспар жасадық. Байқаудан өткенімізді естіген кезде қуанышымызда шек болмады. Пәтер өзімізге ұнады. Біздің екі баламыз бар, өзім жүргізуші болып жұмыс істеймін. Енді 13 жыл төлеймін. Айына 37 мың теңге төлеймін»,- деді пәтер иесі Алмат Шолақов.

Айта кетейік, Тәуелсіздік күні бұл ауданда 194 коттедж пайдалануға беріледі. 

Соңғы жаңалықтар