Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасымен 2 мыңға жуық пәтер беріледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл 2 мыңға жуық пәтер беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үй салып, қолданысқа берген үздік өңірлер қатарында тұр. Жыл сайын 2-3 мың пәтер Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы беріледі. Биыл да бұл жұмыс жалғасады. Ол үшін салымшы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіндегі есепшотына пәтер құнының 20 пайызын жинауы тиіс. Сол кезде 5 пайыздық үстемеақымен несие беріледі. Қазіргі күні 300 пәтердің иесі анықталып тұр. Олар 4 миллиард теңге ақша жинаған.

«Ақтөбе облысы «Нұрлы жер» бағдарламасымен үй салып, салымшыларға берген белсенді өңір. Тек пәтер емес, әскери қызметкерлер коттедж де алып жатыр. Биыл да осы бағыттағы жұмыс жалғасады. Жыл соңына дайын тағы 1300 пәтер кілті табысталады. Жалпы, биыл 2 мыңға жуық пәтер «Нұрлы жер» бағдарламасымен өтеді», - деді Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.

Айта кетейік, «Нұрлы жер» бағдарламасымен әскери қызметкерлердің көбі баспаналы болды. Дегенмен Ақтөбе облысы бойынша 1720 әскери қызметкер ай сайын жұмыс орнынан пәтер үшін қосымша ақы алып отыр.

«Ақтөбе облысы бойынша 1720 әскери қызметкер ай сайын жалдамалы пәтер ақысын алады. Бұл адамдар алдағы уақытта 8 пайыздық үстемеақымен несие ала алады. Өңірде 178 әскери қызметкер баспаналы болды. Олардың 36-сы әскери ипотека алса, өзгесі «Нұрлы жер» бағдарламасымен баспаналы болды. Енді оларға «Әскери баспана» бағдарламасы тиімді болады», - деді Ләззат Ибрагимова.

Соңғы жаңалықтар