Ақтөбеде никель-кобольт өңдеу зауыты мен жел электр станциясы салынады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде «Aktobe Invest-2018» инвестициялық форумы өтті. Форумға әлемнің 23 елінен 400-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысындағы инвестициялық форумға Қытай мен Оңтүстік Корея, Нидерланды, Әзербайжан, Ресей мен Еуропа елдерінен өкілдер қатысты. Облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекеновтың айтуынша, жыл өткен сайын инвесторлар ауқымы кеңейіп келеді.

«Ақтөбеде жел электр станциясы салынады. ЭКСПО көрмесінен кейін арнайы топ келіп, инвестициялық жобаны іске асыру көзделген болатын. Электр станциясы 48 мВт қуат өндіреді. Инвестиция құны - 100 миллион еуро», - деді Қайрат Бекенов.

«Сенім. Өсу. Даму» инвестициялық форумына төрт ұлттық компания қатысты. Жаңа жобалардың арасында  никель-кобольт өңдеу зауыты бар. Инвесторлар құрылыс жұмысын 2019 жылы бастайды.

«2019 жылдан бастап Хромтау ауданына инвестиция салу жоспарда бар. Астанадан «Дар Агрохолдинг» компаниясы келіп, никель-кобольт өңдеу зауытын салады. Бүгін меморандумға қол қойылды. Бұлақты және Қараоба кен орны зерттелген, тексерілді», - деді «НұрсАлмат» ЖШС-нің директоры Амангелді Нұрымбетов.

Ал ғалым Абу Меңдібаев форфор тыңайтқышын салуға ыңғайлы өңір Ақтөбенің Алға ауданы деп отыр.

«Алға ауданындағы форфорит тыңайтқышының мүмкіндігі мол. Қазір өндіріліп жатқан Шиелісайдан екі есе көп өнім алуға болады. Бұл форум кезінде қытайлық компаниялар қызығушылық танытып, келіссөзге шақырды. Шынын айтқанда, суда қан сияқты еритін фосфор кенінің 2,5 миллиард тонна қоры бар. Жылына 200 тонна тыңайтқыш алсам, 40 жылда 5 миллион тонна кен қажет. Сонда Алғадағы фосфор тыңайтқышы ғасырларға жететінін есептеуге болады», - деді Абу Меңдібаев.

Форум кезінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаев жаңа жобалар өңір дамуына серпін беретінін, цифрлы технологиялар инвесторлардың алаңсыз жұмыс істеуіне мүмкіндік ашқанын айтып берді.

«Әрбір мемлекеттің дамуы мемлекет экономикасына келетін инвестицияға байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев шетел инвесторларына көп көңіл бөліп келеді. Соның нәтижесінде Қазақстанның экономикасы дамып, 50 дамыған елдің қатарына енді. Форум - инвестиция тартудың бір жолы. Жаңа технология, цифрлық бағдарламаларды енгізу жолдары жүріп жатыр. Инвесторлар қиналмай, қорықпай жұмыс істеп, жаңа технологиялар арқылы өзіне қажетті кен орындарын, кәсіпорынды таңдауға мүмкіндігі бар», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев. 

Соңғы жаңалықтар