Ақтөбеде Наурыз мерекесі бір ай бойы тойланады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы биыл бір ай бойы Наурыз мерекесін тойлайды. Ертең Амал күніне орай «Бауырсақ» мерекесі өткізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысында Наурыз мерекесі ертең басталады. Қызылордадан эстефета алатын жастар Тұңғыш Президент атындағы саябаққа жиналып, «Амал келді. Жыл келді» атты шара өткізеді. Бұл күні бауырсақ таратылып, жастар флэш-моб ұйымдастырады.

«Ұлттық салт-дәстүрді насихаттау мақсатында Наурыз мерекесі бір ай бойы тойланады. 15 наурыз күні кешкілік жастар кеші ұйымдастырылады. Алтыбақан жанына жиналатын жастар домбыра тартып, ән айтады, би билейді. Бұл тек облыс орталығында емес, аудан, ауылда өтеді. Мектепке дейінгі ұйымдарда, мектептерде ене мен келін, ата мен бала арасында түрлі сайыстар өткізіліп, ақсақалдар бата береді. Мәдени шаралармен қатар, спорттық жарыстар ұйымдастырылмақ. «Бақытты бала» жобасы аясында 21 наурызда қайырымдылық акциясы өтеді»,- деді облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева.

Наурыз мерекесі күні Ақтөбеде бас даңғыл уақытша жабылып, Қазақ халқына мың тағзым стелласының маңына 7 киіз үй тігіледі. Киіз үйлерде көрме ұйымдастырылады. Тақырыбы: «Мен ақтөбелікпен», «Туған жерге тағзым», «Бақытты бала - Мәңгілік ел кепілі», «Рухани жаңғыру», «Наурыз - жыл басы», «Аналарға тағзым», «Астананың 20 жылдығы». Мұның бәрін қала тұрғындары тамашалап, танымын кеңейтуге мүмкіндік беріледі.

«Ақтөбе қаласы бойынша 850 метрлік дастарқан жайылады. Барлығы 4,1 мың литр Наурыз көше, 6,8 тонна палау және 7,5 тонна бауырсақ таратылады. Барлығы 200 кәсіпорын, мекеме, бизнес субьектілері 63 киіз үй тігеді»,- деді Ақтөбе қаласы әкімі орынбасарының міндетін атқарушы Күлпаршын Айдарханова.

Айта кетейік, биыл орталық көшелердегі киіз үйлердің бәрінде көрме ұйымдастыралады. Ал тағамдар көшедегі арнайы дастарқанда тегін таратылады. Жергілікті әкімдік «Ақтөбеде жасалған» атты ұлттық тағамдар көрмесін ұйымдастырады. Сонымен қатар, шұбат пати өтеді. 

Соңғы жаңалықтар