Ақтөбеде науқас палатадағы көршісін буындырып өлтірді

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде жүйке аурулары интернат үйінің тәрбиеленушісі көршісін буындырып өлтірді. Аталмыш іс бүгін облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында қаралды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осы жылдың қаңтар айында облыстық жүйке аурулары интернат үйінде қылмыстық оқиға тіркелді. 33 жастағы І топ мүгедегінің ес-түссіз жатқанын алдымен санитар маман көріп, медбикеге хабар берген.

«Қаңтардың 29 күні 00:50-де жүйке ауруына шалдығып, диспансерлік есепте тұрған науқас жәбірленушімен бір палатада болады. Сол кезде өзін мазалаған көршісінің үстіне мініп, оның аузына майлықты тығып қояды. Кейін кереуетке байланған науқастың бір жібін шешіп алып, буындырады. Жәбірленуші сол жерде көз жұмды. Сот-медициналық сараптама жәбірленушінің ауа жетпей көз жұмғанын анықтады», - деді прокурор Дидар Әбубәкіров.

Қазіргі уақытта сот Қылмыстық кодекстің «Кісі өлтіру» бабы бойынша куәгерлерден жауап алып жатыр. Оқиға болған күні ішкі ереже бойынша жәбірленушінің екі қолы байлаулы болған. Бұл түнгі ұйқы кезінде кереуеттен құлап кетпеуі үшін жасалған қауіпсіздік шарасы. Ал 28 жастағы сотталушыға ондай ереже міндеттелмеген.

«Науқастарға күтім жасайтын қызметкер 29 қаңтар күні таңғы 5-те келіп, төртінші қабаттағы науқастың жағдайы нашар деді. Қажетті жарақтарымды алып, жоғары көтерілдім. Барған кезде науқас кереуетте жатты, қолы түсіп кеткен. Бірден тамыр соғысын тыңдадым, ештеңе білінбеді. Демі жоқ болған соң жүрегін уқалап, жасанды тыныс алуға көмектестім. Мен барғанда бақилық болған екен. Науқастардың күтімін жасайтын қызметкерден мән-жайды сұрадым. Ол да науқастың ес-түссіз жатқанын ғана көрген. Науқасқа тиіспеуді сұрап, 2-қабатқа түстім. Медбикеден дәрігерге хабарласу жолын, телефон нөмірін сұрадым. Ол екі сағат күтуге кеңес берді. Сағат 8-де дәрігер келіп, науқасты қарадық. Дәрігер отбасына өзі хабар беретінін жеткізді», - деді интернат үйінің медбикесі.

Қылмыстық оқиғаны алдымен интернат үйінің санитар маманы көрген. 

«Таңға жақын кіргенде сотталушы жәбірленушінің үстінде отырды. Қолында майлық бар. Мен қорқып кетіп, итеріп жібердім де медбикеге жүгірдім. Келген бойда тексеріп, жасанды тыныс алу жасалды. Бірақ бақилық болған»,- деді санитар маман Г.Галина. 

Сот отырысы жалғасып жатыр.

Фото: forpost-sevastopol.ru

Соңғы жаңалықтар