Ақтөбеде нан бағасы қымбаттамайды - әкімдік

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбедегі сақтандыру қорына жиналған ұн бағаны тұрақты ұстап тұруға жетеді. Сонымен бірге астық шығымы да нан бағасын өсірмеуге мүмкіндік береді, хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік азық-түлік тізіміне енген 32 түрлі өнімнің 24-і Ақтөбенің өзінде шығарылады. Тек қарақұмық жармасы, күріш, қант, тұз, сарымсақ, бұрыш, алма, балық өзге өңірлерден, ішінара импорт есебінен жеткізіледі. Өңірді өзіндік өніммен қамтамасыз ету мақсатында 2022-2026 жылдарға арналған 77 ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылмақ. Құны - 272,8 млрд теңге.

«Сақтандыру қорында 3800 тонна ұн бар. Оны біз төрт ірі наубайханаға беріп отырмыз. Бірнеше аудандағы наубайханалар да арзан бағада ұн алады, сөйтіп нан бағасын өсірмейді. Келесі жылдың наурыз айына дейін бәрі тұрақты болады. Нан бағасы көтерілмейді. Сонымен бірге астық шығымы жақсы. Шаруалар биыл мол өнім аламыз деген сенімде», - деді Ақтөбе облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетов.

Айта кетейік, облыста бір ғана ірі кәсіпорны өсімдік майын шығарады. Екі жыл бұрын жаңа серіктестік іске қосылды. Жылдық қуаттылығы - 68 мың тонна.

«Бүгінде халықты ет өнімдері, ұн, нан өнімдері және күнбағыс майы өнімдерімен өзіндік өндіріс есебінен толық қамтамасыз етіп отырмыз. Сонымен қатар «Алқаптан сөреге» жобасын жүзеге асыру мақсатында Ақтөбе қаласында «Табыс агро» әлеуметтік павильондар іске қосылып,12 ауданның тауар өндіруші кәсіпорындары өндірген өз өнімдерін қала жұртшылығына төмен бағамен тікелей сату мүмкіндігіне ие болды. Оған қоса бірнеше шаруа қожалығы ет және сүт өнімдерінің дүкендерін ашып, тікелей өз өнімдерін өткізеді», - деді Исатай Еспағанбетов.

Облыс тұрғындарын ет және сүт өнімдері, көкөніс, сондай-ақ басқа да өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында қыркүйек айынан бастап жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы жәрменкесі өткізіледі. Сондай-ақ облыста тұрақтандыру қоры жасақталады.


Соңғы жаңалықтар