Ақтөбеде мұнай өндіру көлемі азайып барады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мұнай өндіру көлемі жыл сайын 7-8 пайызға төмендеп келеді. Ірі өндіріс орындарының бірі «ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС-де өткен жылы «қара алтын» өндірісі 6,1 пайызға кеміді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев инвесторларға барлау жұмыстарын жандардыруды тапсырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлібекмола және Қожасай кен орындарын игеріп жатқан «ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС-і өткен жылы мұнай өндірісін 6,1 пайызға төмендетті. Ал негізгі капиталға инвестиция тарту көрсеткіші 8 пайызға азайды. Бұл туралы Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өндіріс орнының жұмысшыларымен кездесуінде айтып, мұнай өндірісі көлемін сақтап қалу үшін барлау жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

«Мұнай мен газ өндірісінің көлемі 2016 жылдан төмен болмауы тиіс. Сондықтан мұнай қорын іздеп, барлау жұмыстарын жүргізу керек. Геологиялық барлау жұмыстары соңғы жылдары ақсап қалды. Кен игеруші ретінде келісім шартқа қол қойған кезде геологиялық барлау, бұрғылау жұмыстарын жүргізіп, қосымша кен орындарын іздеуді міндеттеріңізге алдыңыздар. Соны орындау қажет»,- деді Сапарбаев.

Өңір басшысы жұмыс орнын қысқартпаған өндіріс орнына алғысын айтты. Дегенмен, қазақстандық үлес көрсеткіші 40 пайыздан аспайтын мұнай компаниясына ескерту жасап, сатып алу кезінде жергілікті өндірушілерге баса назар аударуды сұрады.
«Өткен жылы компания 761 мың тонна мұнай өндірді. Бұл 2015-жылмен салыстырғанда 6,1 пайызға аз. Сонымен қатар, өткен жылы 615 миллион текше метр газ өндірілді. Компания мемлекетке 21,5 миллиард теңге салық төледі»,- деді «ҚазақОйл Ақтөбе» ЖШС бас директорының орынбасары Ринат Ізмұхамбет.

Мұнай бағасының төмендеуіне байланысты өнім өндіру көлемі азайды, есесіне газ өндірісі көбейді. Бұл көрсеткіш биыл сақталуы тиіс. Сонымен қатар, жұмысшылар санын қысқартуға болмайды. Компанияда 567 адам жұмыс істейді. Қазіргі кезде ірі мұнай компаниясында жұмыс істейтін еңбеккерлердің орташа жалақысы 330 мың теңге. Бұл қазақстандықтардың орташа жалақысынан екі есе көп көрсеткіш екенін еске салған Бердібек Сапарбаев үшжақты меморандумға қол қойды.

Соңғы жаңалықтар