Ақтөбеде мұнай қалдықтарын сақтайтын полигон жабылуы мүмкін

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысы, Байғанин ауданы, Жаңатаң ауылында мұнай қалдықтарына арналған полигон жабылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық экология департаменті «Таза Табиғат-АН» ЖШС-не тексеру жүргізіп, бірнеше заңсыздықты анықтады. Аумағы 11 гектар болатын полигон ауылдан 7 шақырым қашықтықта орналасқан.

«Облыс прокуратурасының тапсырмасы бойынша 2018 жылдың маусым-шілде айларында ҚР Ұлттық экономика министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің қызметкерлері «Таза Табиғат-АН» ЖШС-не жоспардан тыс тексеру жүргізді. Полигонға белгіленген лимиттен тыс қалдық төгіліп, есепке алу жүргізілмеген. Арнайы контейнерлер де болған жоқ», - деп мәлімет таратты Ақтөбе облыстық экология департаменті.

Тексеруден соң компанияға 336 мың теңгеден астам әкімшілік айыппұл салынды. Алайда компания әлі күнге дейін айыппұлды төлемеді. Енді Өңірлік кәсіпкерлік палатасы жеке сот орындаушылары арқылы мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдайды. Ал Экология департаменті Ақтөбе облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотына сілтілі қалдықтарды бейтараптандыру қондырғысын пайдалану бойынша шаруашылық қызметті тоқтату үшін талап-арыз жолдады.

Осыған дейін Ақтөбеде заңсыз мұнай өңдеумен айналысқан зауыт анықталған болатын.  

Соңғы жаңалықтар