Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі балалардың қолөнер бұйымдары аукционда сатылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Шалқар ауданында мүмкіндігі шектеулі балалардың қолөнер бұйымдары аукционға шығарылды. Ақша балалардың өздеріне берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы Шалқар ауданында қайырымдылық аукционы өтті. Мектептердегі педогогикалық-психологиялық тузету кабинетінің оқушылары өз қолымен жасаған бұйымдарын сатуға шығарды. Олар 70-ке жуық бұйым әзірлеп, туындыларын аудан тұрғындарына ұсынды. Қайырымдылық акциясына 30 оқушы бұйымдарын әкелді.

«Аукционда әдемі тастармен безендірілген әшекейлер, үкілі сәукеле, сәнді білезіктер, үй макеті, қоржын, тоқыма бұйымдары, гипстен жасалған мүсін, шағын әмияндар, арқан жіптен өрілген себет және тағы да басқа заттар сатылды. Біз әрдайым қолдап, көмектесуге дайынбыз. Балалардың қолдан жасаған бұйымдары өте сапалы әрі терең мағынаға толы. Мысалы, ІІІ топ мүгедегі Исламбек Нұртазин жеке үйдің шағын үлгісін жасаған. Мен баланың құрылыс саласының жақсы маманы болатынына сенім білдіремін. Өзім сол үйді сатып алдым», - деді аудан тұрғыны Орал Алдабергенұлы.

Балалар аукционға үлкен дайындықпен келген. Олар қолөнер бұйымдарын жасау үшін тынбай ізденіп, еңбек етті. Сатылымнан түскен қаржы бұйымдарды жасаған мүмкіндігі шектеулі балаларға берілді.

«Аукцион өтеді деген хабарламаны естіген балам қуанып, өз ойында жүрген бұйымын дайындауға кірісті. Қыз балаларға арналған тоқыма бұйымдарын және білезіктерді сатылымға шығардық. Балаларымызды назардан тыс қалдырмай, олардың жасаған бұйымдарын сатып алған азаматтарға алғыс айтамын», - деді І топ мүгедегі Нұрислам Хайрудиновтың анасы Жарқынай Тілеубаева.

Айта кетейік, аукцион «Нұр Отан» партиясының 20 жылдығы аясында және партияның «Кедергісіз келешек» акциясымен өтті. Қазіргі кезде Шалқар ауданында 988 мүмкіндігі шектеулі адам тұрады. Оның 74-і 18 жасқа толмаған бала.

null

null

Соңғы жаңалықтар