Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешені салынады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе қаласында мүгедектерге арналған спорт кешені салынады. Бұл туралы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Наталья Сокольская айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбеде мүмкіндігі шектеулі жандардың белсенділігі жыл өткен сайын артып келеді. Спортшылар әзірге балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері мен жоғары спорт шеберлерінің кешенінде жаттығу жасап, түрлі жарыстарға дайындалып жүр. Бәрі ақысыз.
null 

«Мүмкіндігі шектеулі спортшыларға арналған спорт кешенін алдымен «Нұр Ақтөбе» ықшамауданына салу жоспарланды. Бұл шағынаудан мүгедектер үшін қашық әрі тиімсіз болды. Кейін жоба орталыққа жақын «Батыс-2» ауданына көшірілді. Спорт кешені балаларға арналған оңалту орталығының жанына салынады. Орталыққа 5 га, спорт кешеніне 2 га жер бөлініп, жобалық-сметалық құжаты әзірленіп жатыр»,- деді Ақтөбе облыстық мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубының директоры Наталья Сокольская.
null 

Айта кетейік, мүмкіндігі шектеулі жандар арасында спорттық жарыстар жиі ұйымдастырылып тұрады. Бүгін халықаралық мүгедектер күніне орай пауэрлифтингтен, үстел теннисінен жарыс өтті. Облыстық чемпионатқа барлығы 50-ден астам спортшы қатысты. Олардың арасында өз аяғымен жүретіндер, арбаға таңылғандар бар. Бәрін спорт біріктіріп, мүмкіндігі шектеулі жандарды «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе облыстық филиалы бағалы сыйлықпен, дипломмен марапаттады.

«Мүгедектер арасында жарыс жиі болып тұрады. Мүмкіндігі шектеулі жандардың белсенділігі жыл өткен сайын артып келеді. Үстел теннисінің шеберлері әлем, Азия чемпионаттарына қатысып жүр. Мәселен, Айдын Алдаберген әлем чемпионатында 6 орын, Андрей Акрушко Венгрияда 3 орын, паратаэквандоға қатысқан Нысанбек Айдарбеков Азия біріншілігінде үшінші орын алды. Жүзу, пауэрлифтинг, жеңіл атлетика, волейбол ойындары жақсы дамып келеді. Есту қабілеті нашар адамдар шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойнайды. Күрес те жақсы дамыған. Алда үлкен жоспар бар. Келер жылы мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт кешені салынады»,- деді дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға спорт клубының әдіскері Айболат Бекболатұлы.
null 

Жарысқа тек облыс орталығында тұратын мүгедектер емес, аудандардағы спортшылар да қатысты. Спорттық сайыста басқосып, бір-бірімен тәжірибе алмасатын жандар республикадан асып, шетелде өтетін халықаралық, әлемдік додаларға қатысуды мақсат еткен.

«Жасым 50-ге келіп қалды. Мен үшін үйде отырып, басымызға түскен қиындықтар мен кедергілерді айту намысыма тиеді. Сондықтан алға ұмтылып, шағын кәсіп бастадым, моншақтан түрлі қолөнер бұйымдарын жасаймын. Әрі спортты серік еттім. Соңғы жылдары облыстық, республикалық жарыстарға барып жүрмін. Үстел теннисінен спорт шеберімін.  Әлі де шеберлігімді шыңдап, әлемдік жарыстарға қатысуды жоспарлап жүрмін. Себебі спорт жігер береді, өмірге құштарлығымызды арттырады»,- деді үшінші топ мүгедегі Жанат Тәжекенова.  

Соңғы жаңалықтар