Ақтөбеде мұқтаж отбасылар үшін жалдамалы үй салуға 2,7 млрд теңге жұмсалады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде көпбалалы, мұқтаж отбасыларды баспанамен қамтамасыз ету үшін бірнеше бағдарламамен тұрғын үй салынады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өңірлік коммуникациялар қызметінде тұрғын үймен қамтамасыз ету жоспарымен бөліскен Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Иманалин «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы» бағдарламалары туралы айтып берді.
Мәселен, Ақтөбеде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылар үшін сатып алу құқығынсыз жалға берілетін тұрғын үй салынады. Биыл республикалық бюджеттен ақша бөлініп, 377 пәтер пайдалануға беріледі. Баспана Мәртөк, Хромтау аудандары мен Ақтөбе қаласынан салынады. Жалдамалы тұрғын үй құрылысына 1,5 миллиард теңге бөлінді.

«Халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған тобын баспанамен қамтамасыз ету тапсырмасы бойынша Ұлттық қордан қаржы бөлінеді. Ақтөбе облысында жалдамалы тұрғын үй құрылысын жүргізуге 2,7 миллиард теңге бөлу көзделді. 335 пәтер Ақтөбе қаласы мен Алға, Темір, Қобда, Мұғалжар, Байғанин, Шалқар аудандарында болады. Бұл жерлерде жалға берілетін тұрғын үй салынады. 60 пайызы көпбалалы аналарға, мүгедек баланы асырып отырған отбасыға, жалғызбасты аналарға бөлінеді», - деді Ақтөбе облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрлан Иманалин.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, өңірде «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында да тұрғын үй салынады.

Соңғы жаңалықтар