Ақтөбеде мүгедектерге ыңғайлы автобустар көтергіштерін алып тастаған

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің жаңа автобустары арбаға таңылғандарды көтеріп алатын арнайы құрылғыларды алып тастаған. Бұл, «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы өткізген қоғамдық бақылау кезінде анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев мүгедектердің кедергісіз жүруі үшін түрлі бағыттағы жұмыстарды жандандыруды тапсырған болатын. Осыған сәйкес, өткен жылдың маусым айында Ақтөбе әкімдігі арбада отырғандарға ыңғайлы көтергіші бар 70 автобусты несиеге сатып алған еді.

Ал бүгін «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы «Кедергісіз келешек» жобасы аясында қоғамдық бақылау жүргізіп, бірнеше олқылықты анықтады. Мүгедек жандар қоғамдық көлікке міне алмады, дыбыс зорайтқыш іске қосылмады, электронды ақпараттық тақта да болмай шықты.
«Тек әлеуметтік нысандар, тұрғын үй ғана емес, қоғамдық көлік те арбада отырғандарға қолжетімді болуы тиіс. Жазда тексеріп, автобусқа мінуге 2 минут қажет екенін білдім. Ал бүгін қоғамдық бақылау тобымен шығып, бәрін алып тастағанын көрдік. Меніңше, тасымалдаушылар біз секілді адамдарға уақыт шығындағысы келмейді», - деді қоғамдық бақылау тобының мүшесі, I-топ мүгедегі Шахан Жолдасбаев.


Бақылаушы топ арнайы жасақталған автобустардың көтергіштерін кері қайтару керек деп есептейді.

«Тасымалдаушылар механикалық көтергішке ауыстыру үшін бәрін алып тастағанын айтты. Бірақ, бұл жай ғана жауапкершіліктен қашу, Елбасының өз Жолдауларында беріп жүрген тапсырмаларын орындаудан бас тарту деп түсінеміз. Кемшіліктер бойынша қалалық әкімдікке тексеру қорытындысы беріледі. Әкімдік шешім қабылдауы тиіс», - деді «Нұр Отан» партиясының облыстық филиалы саяси жұмыстар бөлімінің меңгерушісі Ақылбек Сахиев.

Айта кетейік, бақылау тобы Ақтөбе қаласындағы алғашқы жерүсті жолының мүгедектерге қолжетімділігін де тексерді. Мұндағы лифт құлыптаулы тұрды. Ал көрсетілген байланыс телефонына хабарласқан кезде, тиісті адамдар 15 минутта жетіп, оны кілтпен ашып беретінін айтқан. Бірақ бақылау тобы 20 минут күтіп, жерүсті жолына көтеріле алмай кетті.

Соңғы жаңалықтар