Ақтөбеде мұғалім мен оқушы уланған астан ішек таяқшасы табылды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде мектеп оқушылары мен мұғалімнің қандай астан уланғаны белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, мектеп асханасынан ауқаттанған оқушылар мен мұғалім уланып, ауруханаға түскен болатын.

Ақтөбе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Гүлбану Дәулетова бүгін осы оқиғаға қатысты жүргізілген тексеру қорытындысы туралы айтты.

«19-24 сәуір аралығында №9 мектеп-гимназиясында астан уланудың 26 дерегі тіркелді. Барлығы 22 науқасқа астан улану диагнозы қойылды. Ал өзге адамдардың бұрын да асқазаны ауырған екен. Осы жағдайға байланысты қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің қалалық басқармасы мектеп асханасына тексеру жүргізіп, бірнеше сынама алды. Тексеру кезінде 3-сәуірден бастап кәсіпкердің санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды алмай жұмыс істегені анықталды. Сонымен қатар тауық еті мен тартылған балық етіне сапа мен қауіпсіздік белгісін анықтайтын құжат жоқ болып шықты. Тоңазытқышта термометр жоқ, ыдыс-аяқ кептіретін құрылғы жұмыс істен шыққан. Бір жұмысшының медициналық кітапшасы болмады», - деді Ақтөбе облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Гүлбану Дәулетова.

Барлығы 30 сынама алынып, оның алтауынан ішек таяқшасы, екеуінен S.aureus, яғни, стафилококк анықталды. Стафилококк ботқадан, ал ішек таяқшасы тауық етінен жасалған үй сорпасы мен ірімшік қосылған тауық етінен шықты. Асханада 8 адам жұмыс істесе, оның екеуінде стафилококк тіркелді.

«Әкімшілік құқықбұзушылық туралы іс тіркеліп, 2 материал сотқа жіберілді. Ақтөбе облысы, қала әкімдігіне, прокуратура хат жолданды. Ақтөбе облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінен құжатсыз жұмыс істеуге рұқсат бергені үшін директорға шара қолдану сұралды», - Гүлбану Дәулетова.

Соңғы жаңалықтар