Ақтөбеде мұғалім мен оқушы сот залында кездесті

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбедегі №10 орта мектеп оқушысы мен мұғалімі сот залында кездесті. Бүгін 3-сынып оқушысы болған оқиғаны айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

№10 орта мектептегі оқиға 2016 жылдың 17 қыркүйегі күні тіркелген. 3-сыныпта оқитын қыз бала сол күні математика сабағында соңғы партада отырған.

«Сол күні соңғы партада отырдым. Орнымнан қозғалып, сөмкемді қарап жатқан кезде апай «қозғала берме» деп басымнан ұрды. Әжетханаға сұранып, анама телефон шалдым. Ол апайға хабарласты. Сыныпқа келген соң маған апай: «Басың ауырып тұр ма?» деп, балалардың алдында ұятқа қалдырды. Апай мені 2-сыныптан бастап ұрды. Мені жанына жақындатпайды, маған назар аудармайды», - деді сот отырысында 3-сынып оқушысы.

Бүгінгі сот отырысына №10 орта мектептің психологы Рауан Қуандықова, қазіргі класс жетекшісі Мәншүк Батырғалиева шақырылды. Екі ұстаз да әріптестері Мәдина Жұмабаеваны білікті маман ретінде танитындарын жеткізді. Ал 3-сынып оқушысы тынышсыз, кейде ұстаздың ашуына тиіп, көңілін қалдыратын қылықтар жасайтынын айтты.

«Оқушы 17 қыркүйекте кеткен соң сабаққа 19 қазан күні келді. Бірінші сабақта ештеңе байқалмады. Ал «Өзін-өзі тану» пәнінде ауырып отырмын деп, медбикеге қаралды. Көзін ашпай жатқан соң жедел жәрдем шақырып, анасы Әсем келді. Ол үйіне алып кетті. Қазір ол басым ауырады деп айтып жүрген жоқ. Мен 7 пәннен сабақ беремін. Балаға ерекше қараймын. Қаңтар айында 6 рет, ақпан айында 5 рет екінші сабаққа келді», - деді сынып жетекшісі Мәншүк Батырғалиева.

Айта кетейік, сот отырысы кезінде класс жетекші М.Батырғалиева құбылмалы мінезі бар оқушы кез келген жағдай бойынша анасы Әсемге хабарлап, шағым айтып отыратынын мәлім етті. «Бүкіл мектепте қолынан ұстап жүремін. Тіпті асханаға бірге барамыз. Мені де істі ете ме деп қорқамын», - деді М.Батырғалиева.

Сот отырысы жалғасып жатыр. Алдағы уақытта психологтар мен сот-медициналық сараптама қызметкерлері тыңдалады.

Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін істі болған ұстазды ата-аналар жақтап отырғаны туралы хабарлаған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар