Ақтөбеде мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар жетім балаларды қамқорлығына алды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат  - Ақтөбеде «Бақытты бала» жобасы аясында кәсіпорындар мен мемлекеттік мекемелер жетім балалардың есепшотына қаржы салып жатыр. Жыл басталғалы 1 мыңға жуық баланың есепшотына 12,7 миллион теңге аударылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Бақытты бала» жобасын жариялап, әр аудан, ауылда бала үшін жаңа мүмкіндіктергіе жол ашылатынын баса айтты. Жобаны іске асыруға ҚР Білім және ғылым министрлігі, қайырымдылық қорлар мен халықаралық ұйымдар қатысады.

«Жобаның басты мақсаты - балаларға, олардың интеллектуалды, физикалық, рухани және адамгершілік дамуына қолайлы жағдай жасау. Оны тиімді іске асыру үшін білім басқармасы тарапынан және басқа мүдделі органдардан жақсы үйлестірілген жұмыс қажет. Біз қолымыздағы барлық мүмкіндіктерді барынша пайдалануымыз керек», - деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Айта кетейік, «Бақытты бала» жобасы 8 бағыт бойынша іске асырылады. Бұған дейін хабарлағанымыздай, балабақшаларға планшет сатып алынады. Жалпы «Балалар IT әлемі» бағыты аясында жыл басынан бері интерактивті жабдықтарды, робот жинақтарын, оқу орындарының 3D принтерлерін жабдықтауға 116,7 миллион теңге бөлінді. Мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық базасын нығайту үшін жалпы сомасы 981 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр.

«Сатып алынатын техника мұражай жәдігері секілді тұрып қалмай, пайдаланылуы керек. Сондықтан, ұстаздарды даярлауға ерекше көңіл бөлу керек», - деді өңір басшысы Бердібек Сапарбаев. Жиын кезінде жетім балалардың есепшотына 12,7 миллион теңге аударылғаны белгілі болды. Жыл басынан бері барлығы 938 баланың баспаналы болуы үшін қаржы арнайы бөлініп, көмек берілді. Ал үш жетім бала өз кезегімен баспаналы болды. 

Соңғы жаңалықтар