Ақтөбеде мемлекеттік қорыққа заңсыз кірген топ ішінде прокурор мен судья бар

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде «Ырғыз-Торғай» мемлекеттік табиғи резерватына заңсыз кірген топ анықталды. Олардың арасында судья, прокурор бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«6-қаңтар күні Ақтөбе облыстық сотына Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекиясынан Ырғыз ауданы, Нұра ауылдық округінің «Ақман» мемлекеттік қорығының күзетілетін аумағына рұқсатсыз кірген адамдарды ұстау туралы хабарлама келіп түсті. Олардың ішінде Ырғыз аудандық сотының төрағасы Бақытжан Ерлан да көрсетілген. Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қызметтік тексеру жүргізілуде», - деді облыстық соттың баспасөз қызметкері Анар Айтжанова.

Айта кетейік, Ақтөбе облыстық прокуратурасы аудан прокуроры Айдос Сағындықовқа қатысты қызметтік тексеру басталғанын мәлімдеді.

«3-қаңтар күні Ақтөбе облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы ерекше қорғалатын аумақта болған топты анықтады. Олардың арасында Ырғыз аудандық прокуроры Айдос Сағындықов бар. Осы дерек бойынша Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Жеке тұлғалардың ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жекелеген түрлерiнде болу тәртiбiн бұзу» бабы бойынша жауапқа тартылды. Оған 2 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Айдос Сағындықовтан ешқандай балық табылмады. Қызметтік тексеру басталды. Тәртіптік жауапқа тартылады»,- деді Ақтөбе облыстық прокурорының көмекшісі Өркен Ещанов.


Соңғы жаңалықтар